Бірлігіміз жарасқан
Ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық орнаған біздің елімізде 18-қазан «Рухани келісім күні» мереке ретінде атап өтіледі. Осы шараға орай, ұйымдастырылған алқалы басқосу ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтуде.
Рухани келісім күні – ұлтымыз бен ұстанатын дінімізге қарамастан бәріміздің тәуелсіз мемлекетімізде саяси тұрақтылық және конфессияаралық келісімді сақтау күні. Осы орайда, бірлік пен берекелі тірлікке ұмтылған халқымыздың басын қосып, ұлттар достығын үлкен күшке айналдырып отырған жыл сайын өткізілетін осы «Рухани келісім күні» біздерге ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайтушы игі шара болып саналады.
Рухани үйлесім, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім – баға жетпес байлығымыз болса, тұрақтылық – тәуелсіздігіміздің тұғыры іспетті. Айтулы күнге орай, қалалық әкімдікте этно-мәдени орталық жетекшілері мен дін өкілдері бас қосты. Қала әкімі аппаратының басшысы Е.Күзембаев жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, қала басшысының ізгі ниетін жеткізді.
Түркістан қаласы бас имамының міндетін атқарушы М.Естеміров, «Свято-Никольский» шіркеуінің өкілі В.Смолянов, «Ахысқа» түрік және өзбек, славян этно-мәдени орталықтарының Түркістан қалалық өкілдігінің төрағалары У.Медедов, Б.Ирсметов, Л.Глазкова өз кезегінде бірқатар ұсыныстарын ортаға салып, бірлестіктерге қолдау көрсетуді қолға алған қала әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.