Берденовті неге атты? – Шымкент әкімдігі жауап берді

 Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесі Руслан Берденовке қатысты оқиғаға пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, 21 сәуір күні кешкісін оқиға орын алған уақытта барлығы жұмыста болған.

Жалпы, бұл жағдай орын алған кезде қала әкімі де, қала әкімінің барлық орынбасарлары да, аппарат басшылары да – барлығымыз жұмыста болғанбыз. Оқиға болған орынға тез арада біз шықтық. Полиция, жедел жәрдем шақырылды. Содан кейін тез арада Руслан Берденов ауруханаға жеткізілді. Сол жерде қылмыс жасады деген күдікті ұсталды. №1 қалалық емханада (Берденовке – ред.) ота жасалды. Ол (ота – ред.) өздеріңіз білесіздер, ұзақ уақытқа созылды. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Себебі әлеуметтік желіде әртүрлі мәселелер айтылып жатыр. Біз – оның орынбасарлары ота аяқталғанға дейін ауруханада болдық. Ота аяқталғаннан кейін ғана түнгі сағат 2-лер шамасы болуы керек, үйді-үйімізге тарадық. Біз жағдайды толықтай бақылауда ұстадық. Әрі қарай жағдайдың ушықпауын, қаланың қалыпты жағдайда болуының бәрін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және біз бақылауда ұстадық, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар ол неліктен мегаполис әкімдігі оқиғаға қатысты түсініктеме мен пікір білдірмегендерін ашып айтты.

Бұл жерде бір мәселе, біріншіден, Полиция департаментінің дер кезінде шаралар қолданып, күдіктіні ұстағандығын, тез арада тергеу амалдарын бастап кеткендігін айтуымыз керек. Бұған әрине, Шымкент қалалық Полиция департаменті де, Прокуратура да өз үлестерін қосты. Медициналық қызметтер туралы айтсақ, олар да өздерінің кәсібилігін көрсетіп, отаны жоғары деңгейде жасап шықты. Біздің ол кезде әлеуметтік желіге шықпауымыз, тіпті қазір де ешқандай түсініктеме бермеуіміз – қылмыс жасалған жерде біздің өкілеттілігіміз жүрмейді. Қылмыс жасалған жерде полицияның, құқық қорғау органдарының өкілеттілігі басталады. Осыған ғана байланысты барлық түсініктеме беру ПД құзыретінде. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жерде сіздердің сұрақ қоятындарыңызды білеміз. Ол адамның неліктен қылмысқа барғандығын біз нақты айта алмаймыз. Тіпті, айтуға құқығымыз да, өкілеттілігіміз де жоқ. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілуі үшін ешқандай пікір мен түсініктеме бере алмаймыз. Тергеу өз нүктесін қояды. Кім біледі, мүмкін, ол адамның (күдіктінің – ред.) психо-эмоционалдық жағдайы дұрыс болмады ма, мүмкін психотроптық заттар қолданды ма, оны біз ешқайсысын нақты айта алмаймыз, – деп жауап берді Сәрсен Құранбек.

Еске сала кетейік, Руслан Берденовтің жағдайы туралы Денсаулық сақтау басқармасы мәлімет бергені туралы жазғанбыз.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Шымкент әкімінің орынбасары, әріптесі Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты ойын айтты.

ПІКІР ЖАЗУ