Берденовке оқ атқан Жиембай қаруды полицейден алған ба? – ІІМ басшысы жауап берді

Руслан Берденовке оқ атылған қару Астанада есептен шығарылған болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері ІІМ Ержан Сәденовке қару Астанада есептен шығарылғанымен, Шымкенттен табылғанын айтты.
Иә, өкінішке қарай, мұндай жайттар болды. Біреу сатып жіберді деген емес, немқұрайлы қарауы себеп болды. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу барысында осының бәрін анықтап, барлық сұраққа жауап береміз: кінә кімде, кім сатқан, – деді министр.
Еске салайық, Шымкент әкімі Руслан Берденовке 21 сәуірде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында қастандық жасалды. Оған оқ атылып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Оқ атуға Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестіктің қызметкері күдікті деп танылған. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Бастапқыда оқиғаға қызғаныш не әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам жасалды.
Сондай-ақ Руслан Берденовті атқан күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі де мәлімдеме жасаған еді. 2025 жылдың 28 шілдесінде Шымкентте Берденов ісі бойынша сот процесі басталды. Алайда Берденов сотқа келмегенін хабарладық.
Аталған іске қатысты 13 тамызда Шымкентте өткен сот отырысында куәгер қызметтен босату жайын растады. 2025 жылғы 20 тамызда Берденовке қастандық жасаған Жиембайға сот үкімі шықты.