Базалық мөлшерлеме 18%: Ақшаны теңгемен сақтау тиімді ме, әлде доллармен бе?

Қазан айында Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерді. Осыдан кейін теңге долларға қатысты шамамен 9%-ға нығайды. Қазіргі жағдайда доллар сатып алу қаншалықты тиімді және базалық мөлшерлеменің өсуі ұлттық валюта бағамына қалай әсер етеді? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Chocolife компаниясының бұрынғы бас директоры, бизнес-трекер Геннадий Ким пікір білдірді.

Базалық мөлшерлеменің валюта бағамына әсері

Геннадий Кимнің айтуынша, базалық мөлшерлеме жоғары болған кезде ақшаны теңгемен сақтау тиімдірек.

Банктер депозиттер мен несиелер бойынша мөлшерлемелерді арттырады, нәтижесінде теңгедегі қаржы құралдары табыстылығы жағынан, шартты түрде айтқанда, “жастықтың астында” жатқан доллардан анағұрлым ұтымды бола бастайды, – дейді бизнес-трекер.

Жалпы алғанда, мөлшерлеменің өсуі тұтынушылық несиеге деген сұранысты төмендетіп, инфляцияны тежейді, теңгені салымшылар мен инвесторлар үшін тартымды етеді. Сонымен қатар бұл валюта нарығына түсетін қысымды азайтып, долларды алыпсатарлық мақсатта сатып алу көлемін қысқартады.

Дегенмен сарапшы базалық мөлшерлеме теңге бағамына әсер ететін жалғыз фактор емес екенін атап өтті.

Теңге бағамына ең алдымен шикізат бағасы, валюталық түсімдердің елге келуі мен кетуі, геосаяси жағдай және халықтың күтуі әсер етеді. Егер азаматтар теңгенің ұзақ мерзімді тұрақтылығына сенбесе, бір ғана жоғары мөлшерлеме доллар сұранысын толық жоя алмайды – ол тек мұндай “сақтандыруды” қымбаттатады, – дейді ол.

Алғаш қарағанда, 18 пайыздық мөлшерлеме кезінде теңгелік депозиттер анағұрлым тиімді көрінеді. Алайда Геннадий Кимнің айтуынша, мәселе мұнымен шектелмейді.

Шешуші екі фактор

Бұл жерде екі негізгі көрсеткіш маңызды. Біріншісі – теңгедегі күтілетін инфляция. Екіншісі – теңгенің долларға қатысты ықтимал әлсіреуі.

Мысалы, сіз ақшаңызды жылдық 18 пайызбен депозитке салсаңыз, іс жүзінде екі болжамға сүйенесіз: біріншіден, инфляция бір жыл ішінде бұл табысты толық “жеп қоймайды”, екіншіден, теңге долларға қатысты осы мөлшерлемеден артық әлсіремейді.

Егер бір жыл ішінде теңге долларға қатысты, айталық, 10 пайызға арзандап, депозит 18 пайыз табыс әкелсе, сіз пайда табасыз. Ал егер күрт девальвация болып, теңге бір жылда шамамен 25 пайызға құлдыраса, онда ақшаны долларда сақтау тиімдірек болады.

Яғни, теңгедегі 18 пайыздық депозит – тартымды табыс көзі, алайда бұл доллардан міндетті түрде тиімді дегенді білдірмейді. Мұнда әрдайым бағамдық және инфляциялық тәуекел сақталады, – дейді сарапшы.

Жинақты теңгеде ме, әлде долларда сақтау керек пе?

Қазіргі жағдайда жинақтың қандай бөлігін валютамен, ал қай бөлігін теңгемен сақтау орынды деген сұраққа Геннадий Ким әмбебап шешім жоқ екенін айтады.

Оның пікірінше, ең алдымен күнделікті шығын көлемі мен ұлттық валютадағы “қауіпсіздік жастығының” мөлшерін анықтау қажет.

Адам өз шығындарын нақты бағалауы тиіс: тұрғын үйді жалға алу, тамақтану, білім алу, медициналық қызметтер және күнделікті өмірге қажетті өзге де шығындар.

Бұл есепті кемінде бір жылға алдын ала жүргізу маңызды. Дәл осы соманы теңгеде сақтау орынды, себебі бұл бағам ауытқуына тәуелді болмауға және күнделікті қажеттіліктер үшін қаражатқа еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал осы көлемнен артылған қаражатты валюта мен өзге қаржы құралдары арасында бөлуге болады.

Мәселен, егер сіз бір жылда 12 миллион теңге жұмсайтыныңызды және бұл сома қазіргі өмір сүру деңгейіңізге жеткілікті екенін білсеңіз, осы қаражатты аздаған қорымен теңгеде сақтау қисынды.

Сонымен бірге валютаға байланған ұзақ мерзімді мақсаттарды да ескеру қажет. Мысалы, шетелде оқу, жылжымайтын мүлік сатып алу немесе шетелге сапарлар. Мұндай жоспарларға арналған қаржыны да алдын ала есептеп, белгілі бір қорымен долларда сақтау орынды, – дейді бизнес-трекер.

Геннадий Кимнің айтуынша, валюталық міндеттемелері жоқ орташа қазақстандық отбасы үшін жинақтың шамамен 60-70 пайызын теңгемен, ал қалған 30-40 пайызын доллармен сақтау тиімді.

Алайда бұл арақатынас әр отбасының жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін. Егер көшу, балаларды шетелде оқыту немесе бағасы әдетте долларға байланған жылжымайтын мүлік сатып алу жоспары болса, онда бұл үлесті нақты жағдайға қарай қайта қараған жөн, – дейді ол.

Доллар сатып алудағы негізгі тәуекелдер

Доллар сатып алатындар үшін бірнеше негізгі тәуекел бар.

Бірінші тәуекел – жоғалған табыс. Егер адам теңгедегі жылдық 18 пайыздық кепілдендірілген табыстан бас тартса, ол доллар теңгеге қатысты нығаяды деген болжамға сүйенеді. Ал егер бұл орындалмаса, табыс та болмайды.

Екінші тәуекел – теңгенің долларға қатысты одан әрі нығаюы. Мұндай жағдайда доллар әлсіреп, адам жоғары мөлшерлемеден түсетін табыстан қағылады.

Үшінші тәуекел – бағамның өзі де белгілі бір ставка іспетті. Доллар сатып ала отырып, адам теңге тезірек құнсызданады және 18 пайыздық мөлшерлеме бұл құлдырауды өтемейді деп болжайды. Бірақ бұл есеп те қате болуы мүмкін, – дейді Геннадий Ким.

Сарапшы тағы бір маңызды тәуекелге назар аударады. Доллар да инфляцияға ұшырайды және уақыт өте келе құнсызданады.

Егер долларды қолма-қол немесе жылдық 1 пайыздық мөлшерлемемен валюталық депозитте сақтасаңыз, ал доллардағы инфляция осы деңгейден жоғары болса, онда сіз нақты табыс таппай, керісінше, қаржыдан ұтыласыз.

Қазақстандықтарға кеңес

Қорытындылай келе, Геннадий Ким валютаны таңдау мәселесіне “теңге ме, доллар ма” деген қарама-қарсы ұстаным ретінде емес, мақсат пен жоспарлау көкжиегі тұрғысынан қарауға кеңес береді.

Алдымен өз мақсаттарыңызды айқындау қажет. Егер адам алдағы бір-екі жылда Қазақстанда өмір сүруді және негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуді жоспарласа, онда қаражатының басым бөлігін теңгеде, ал аз бөлігін долларда сақтау орынды. Әсіресе теңге бойынша жоғары мөлшерлеме сақталып тұрған кезде.

Ал егер мақсат ұзақ мерзімді әрі валютаға байланған болса, онда валютаның үлесін арттырған жөн. Себебі тәжірибе көрсеткендей, шетел валютасы, әдетте, ұлттық валютаға қарағанда инфляцияға азырақ ұшырайды, – дейді ол.

Сарапшының түйіні мынадай: алдағы бір жыл ішінде қажет болатын қаражатты күнделікті шығын жасалатын валютада ұстау дұрыс. Әсіресе ол валюта бойынша жоғары мөлшерлеме болып, депозит арқылы табыс табуға мүмкіндік бар кезде.

Ал бір жылдан асатын ұзақ мерзімді мақсаттарға арналған жинақты неғұрлым тұрақты валютада, ең алдымен долларда қалыптастырған сенімдірек.