Бас есепшісі 55,3 млн теңгені заңсыз аударған

Атырау облысының Құлсары қаласындағы спорт мектебінің бас есепшісі бірнеше жыл бойы 55,3 млн теңгені заңсыз аударғаны анықталды. Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зоя Сапарованың айтуына қарағанда, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне аудиторлық іс-шара жүргізілген. 

– Аудиттің нәтижесінде жалпы сомасы 55 млн 354,7 мың теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталды. Мектеп басшысының тарапынан қаржының жұмсалуына тиісті қадағалау жүргізілмегеен. Әсіресе мектептің банктік есепшоты арқылы жүргізілген операциялардың дұрыстығы қамтамасыз етілмеген. Мекеменің бас есепшісі 2020-2024 жылдары аралығында еңбекақы, іс-сапарға шығу, еңбек демалысы және сауықтыру қаржысын төлеуге бұйрықтар рәсімделмесе де, негізсіз аударып жіберген, – деп мәлім етті Зоя Сапарова.

Оның айтуына қарағанда, анықталған бұзушылықтарға байланысты бас есепшіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сот заңсыз аударылған қаржыны қайтаруды міндеттеген шешім шығарған. Еске сала кетелік, Атырауда 2 балабақша есепшілері бюджет қаржысын жеке есепшотқа аударып жібергенін жазған едік.  Кейін Атырауда мектеп есепшісі жалақы қорынан 32,6 млн теңгені өз есепшотына аударғанын хабарлаған болатынбыз.

ПІКІР ЖАЗУ