Балабақша қызметкерлері үш ай еңбекақы алмаған

Атыраудағы мемлекеттік балабақшаның қызметкерлері үш айдан бері еңбекақы алмаған. Соның салдарынан әбден қарызға батып, күнкөріс қиындады деп ашынды олар. Жауаптылар проблемадан хабардар. Десе де оны реттеуге тырыспайды деп шу шығарды. Қаржы аударылсын деп талап қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау қаласы Авангард ықшам ауданында орналасқан № 8 Ақбота санаторлық бөбекжай-бақшасында 70-тен астам қызметкер бар. Олардың бәрі тамыз айынан бері еңбекақы ала алмай жүр. Соның салдарынан әбден шығынға батып, қиындық көріп жатқандарын айтады. Тіпті жұмысқа барып келетін жолақыға да көк тиынымыз қалмады деп отыр. Қызметкерлерге соңғы 5 айда МӘМС қаржысы да аударылмаған. Медициналық мекемеге жүгінсе, ондағылар көмек көрсете алмаймыз деп шығарып салады екен. Еңбек демалысына шыққан балабақша жұмысшылары да ақша алмапты. Енді мұндай бассыздыққа шыдамаймыз деген қызметкерлер мекеме алдына жиналып, жауаптыларға талап қойды.
Осы жерге жұмысқа орналасқаныма 1 жылдан астам уақыт болды. Қазір еңбек демалысындамыз. Демалысым бітуге жақын. Ал маған әлі ақша түскен жоқ. Тамыздан бері еңбекақы алған жоқпыз. Балаларымыз мектепке дайындықсыз кетті. Несие төлеу уақыты асып кетті. Жан-жақтан қарызды сұрап, хабарласып қысып жатыр. Не істерімізді білмейміз. Жолға төлейтін ақшамыз жоқ. Аузымызды ашып, мәселені айтсақ қудалап, үстімізден түспейді. Қайта-қайта жұмысымызды келіп тексере береді. Ал ақшамызды сұрасақ айтып жатырмыз жоғары жаққа дейді. Не масқара бұл? Көк тиынсыз қалдық қой. Үстеме төлем қосылды бүкіл қарыздарымызға. Соның ақшасын қосып бізге еңбекақымызды тезірек берсін деп талап етеміз. Сосын осы уақытқа дейін қудалау бойынша арыз жазғанбыз, соны қайта қарасын деп сұраймыз, – дейді балабақша қызметкерлерінің бірі Әлия Таженова.
Бұл балабақша – өкпе ауруына шалдығып, ем алуға мәжбүр болған жергілікті тұрғындардың балаларына уақытша пана. Толығымен мемлекет қаржыландырады. Бөбектер отбасынан осы жерде оқшауланып, білім мен тәрбие алады. Тәрбиешілер соңғы уақыттағы қаржылық қиыншылық кесірінен балаларға берілетін тамақ сапасы да нашарлады дейді. Онымен қатар оқуға қажетті кейбір жабдықтарды да ата-аналардан сұратуға мәжбүр болып, кейбірін өздері сатып алады екен.
Тамыз айынан бастап алмадық ақшаны. Сол уақытта жұмыстан жаппай кетеміз дегесін кейбіріне ақшаның 25 пайызын аударды. Басқа ештеңе де қолымызға тиген жоқ. Еңбек демалысының ақшасы жоқ. Әлеуметтік төлемдер де жоқ. Балалардың тамағының сапасы да нашарлар кеткен. Құнарлы тамақ емес. Жауаптылардың бәріне айттық. Әлі осы уақытқа дейін мәселеміз шешілмей келеді. Назар аударылсын дейміз. Адал жұмыс істеп тапқан ақшамызды төлесін бізге, – дейді балабақша қызметкері Айгүл Шаймарданова.
Осы уақытқа дейін қызметкерлер шағымын жауаптыларға жеткізген. Басқармадағылар проблемадан хабардар. Ал еңбек инспекциясы арызды екі апта бұрын қабылдағанымен, тексеріске кірісуге асығар емес.
Бізге қызметкерлерден арыз түсті. Жалғыз бұл емес, дәл осындай мәселемен қаладағы тағы 3 балабақша ақшасын алмаған екен. Ол үш балабақша проблемасы шешілді. Алайда бұл қызметкерлер арыз жазған уақытта өздерінің сол балабақшада істейтіндігі жөнінде растайтын құжатты кешіктіріп берді бізге. Сол себепті зерделеуді енді ғана бастайын деп жатырмыз. Ол шамамен бір апта не 10 күндей уақытты алады. Бұл проблемаға жауапты негізінен балабақша директоры. Сол себепті ол мекеме басшысына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады, – дейді Облыстағы мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілі Кемел Иманғалиев.
Білім басқармасындағылар мұндай қаржылық қиындықтың болуына елде енгізілген ваучерлік жүйе себеп екенін айтады. Сол жүйе қосылғалы қаржы бала санына байланысты аударылған. Бірақ ондай есептен бірнеше есеге қысқарып қалған ақша ешқайда жетпей қалған. Басқармадағылар осы проблеманы тізіп жазып, министрліктегілерге хат жолдапты. Бұл бөбекжайға ваучерлік жүйемен ақша аударудың тиімсіз екенін түсіндіріп, алып тастауды өтінген. Бірақ белгісіз себеппен мәселе үш ай бойы шешілмеген.
Шілде айында Атырау облысы ваучерлік жүйеге көшірілді. Оның ішінде қаладағы 47 мемлекеттік 128 жеке меншік балабақша бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, “Ақша баланың соңынан ереді” қағидаты бойынша осы жаңа жүйемен қазіргі таңда Атырау қаласы жұмыс жасап жатыр. Ваучерлік жүйенің мақсаты ашықтық, сапа, бәсекелестік. Ваучер енгеннен кейін ата-ана балабақшаны өзі таңдайды. Өзіне қолайлы, ыңғайлысы қайда, сонда орналастырады баласын. Бұрын бізде ваучер енгізілгенге дейін жан басына шаққандағы ақша аударылатын мекемелерге. Атырауда бұл жүйеге келмейтін екі балабақша бар. Сол бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігіне хат жазып, қазір проблема шешіліп жатыр. Жақын арада бүкіл есептеулер жүргізіліп, бізде бухгалтерия есептеп, қаржысын төлеу жөнінде қазір бұйрық шығарылып жатыр, – дейді Атырау облыстық Білім беру басқармасы бөлімінің бас маманы Гүлсім Гилманова.
Балабақша қызметкерлері шу шығарып, талап қойғасын ғана тиісті қаулы қабылданыпты. Қазір аударылуы керек қосымша қаржы көлемі есептеліп жатыр. Жауаптылар ақшаның бір апта ішінде қызметкерлер қолына тиетініне сендірді. Еңбек инспекциясы өкілдерінің сөзіне сенсек, қарамағындағы қызметкерлер еңбекақысын төлей алмаған балабақша директоры жауапқа тартылады. Оған айыппұл салынады. Ал облыстағы білім саласына жауапты басқарма басшысына ешқандай шара қабылданбайды.