Байқау басталды: Қазақстандықтар АЭС-ке атау бере алады

 Алматы облысының Жамбыл ауданындағы атом электр станциясына үздік атау таңдау үшін жалпыхалықтық конкурс өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес іске асырылып отыр. Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобы 2025 жылғы 29 тамызға дейін конкурсты ұйымдастыру ережелері мен қатысу тәртібін әзірлейді. Сондай-ақ қоғам өкілдері, креативтік индустрия мамандары, тарихшылар мен филологтардан құралған конкурстық комиссия құрылады.

Агенттік алдағы күндері бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми коммуникациялық арналар арқылы тұрғындарға толық ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.