Бәйдібек: Е.Нұрмаханов Борлысайлық тұрғындармен кездесті
Бүгін бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Қошқарата елді мекенінде Борлысай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Бірінші кезекте аудан әкімінің аппарат басшысы Алмасбек Нақыпбеков тұрғындарды биылғы жылғы өткен үш кездесуде көтерілген мәселелердің орындалуы мен атқарылып жатқан жоспарлардан хабардар етті.
Жиында округке қарасты елді мекендердің тұрғындары бірқатар мәселелерді аудан басшысына жеткізді. Атап айтқанда округтегі әрбір елді мекенге ауыз су мұнарасын қою, туризмді дамыту, Борлысай жалпы орта мектебінің жылуы, көше жарықтарын аудан меншігіне алу, ауыз су, жер мәселесі, газ, электр жарығы, мәдениет үйін салу және басқа да өзекті мәселелер айтылды.
– Жыл басында бекітілген кестеге сәйкес бүгін өздеріңізбен кездесіп отырмын. Мақсат біреу ғана. Елді мекендердегі өзекті мәселелерді тыңдап, алдағы жоспарға енгізіп, жұмыс жасау. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер бойынша орынбасарларым мен тиісті бөлім басшылары жауаптарын берді. Қаржыландыруға ұсынылған бірқатар жобаларды айтып өтті. Өздеріңіздің алдарыңызда айтылған өтініштеріңіз бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкіміне талдау жүргізіп, ұсыныс беру жөнінде тапсырма бердім. Әрине айтылған бірқатар мәселелеріңіздің орындалуы уақыт пен қаржыны талап етеді. Бірақ міндетті түрде кезең-кезеңімен шешілетін болады, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің Борлысай ауылдық округіндегі өткен есепті жиынына облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, халық қалаулылары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, округ тұрғындары қатысты.