Бәйдібек: аудан әкімі Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың тұрғындармен кездесуі бүгін Жамбыл ауылдық округінің орталығында өтті.

Жиында бірінші кезекте Жамбылдық тұрғындармен бұған дейінгі кездесулерде айтылған өтініштер мен ұсыныстардың орындалу бағытындағы атқарылған жұмыстар баяндалды. Округке қарасты Шыбыт елді мекеніне жаңадан ауыз су мұнарасы орнатылып, пайдалануға берілді. Тасқұдықтағы ауыз судың ақаулары қалпына келтірілді. Жамбыл ауылдық мәдениет үйі мен Шыбыт елді мекеніндегі ауылдық клубты жөндеуден өткізу,  Жүзімдіктегі «Кәрі тоған» каналына бөгет пен тоспа (шлюз) орнату, Жамбыл елді мекенінен демеушілер есебінен басталған футбол алаңшасын аяқтау жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылуда.

Жамбыл ауылдық округі тұрғындары жиында аудан әкіміне елді мекендердегі бірқатар өзекті мәселелерді жеткізді. Ауыз су, жайылымдық жер, ұялы байланыс, балалардың ойын алаңшалары мен спорт кешенін салу, бағаналарды ауыстыру мен қосымша трансформатор орнату, жолдарды асфальттау, әлеуметтік жағдайды көтеру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді.

Тұрғындардың көтерген мәселелері жиын барысында назарға алынды. Аудан басшысы жауапты бөлім, мекеме басшыларына айтылған мәселелерді шешуді тапсырды.

Аудан әкімінің Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы А. Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы,  депутаттар мен бөлім, мекеме басшылары, округ тұрғындары қатысты.

ПІКІР ЖАЗУ