Бәйдібек: аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесті
Бүгін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов аудан аумағындағы және өзге қала, аудандарда өз кәсібін ашып, еңбек етіп отырған Бәйдібектік кәсіпкерлермен кездесті.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Тұрар Үркімбаев кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктер туралы хабарлама жасап, ауданға қажетті деп табылатын бірнеше кәсіпкерліктің бағыттарын ұсынды.
– Құрметті кәсіпкер жерлестер! Бүгін өздеріңізбен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бас қосып отырғандағы мақсатымыз ауданға инвестиция тарту арқылы шағын және орта бизнесті дамыту болып отыр. Ауданымыздың кәсіпкерлік саласын дамытуға үлесімді қосамын деп келіп отырған баршаңызға алғысымды білдіремін. Өндіріс орындарын ашамын деген кәсіпкерлер болса әкімдік тарапынан барынша қолдау білдіретін боламыз, – деді Ерлан Нұрмаханов.
Еркін форматта өткен жиында ауданға инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бойынша сөз қозғалып, кәсіпкерлер пікір алмасып, өздерінің ұсыныстарын айтты. Мемлекеттік қолдаулар мен төмен пайызда несие алу, субсидия, кәсіпкерлік саласына байланысты сауалдар қойылып, басқарма, бөлім тарапынан жауаптар берілді.
Бірқатар кәсіпкерлер ауданнан кірпіш зауыттарын ашу, балық шаруашылығын дамыту, қоқыстарды қайта өңдеу, кәдеге жарату, туризім саласын дамытып, демалыс аймақтарын ашу, тыңайтқыш өнімдерін өндіру орындарын ашуға ниет білдірді.
Жиында аудандағы бірқатар кәсіпкерлер құс пен балық шаруашылығын дамытуды қолға алып, бастағалы отырған кәсіптерінің жоспарларымен бөлісті.
Құрылыс жұмыстарына күнделікті қажетті шағал тас өңдейтін кәсіпорын (дробилка) ашып, жер қойнауын заңды пайдалану, аудан аумағында тоқтап тұрған «сақалды құрылыстарға» айналған нысандарды іске қосуға туындап отырған кедергілерді жою мәселелері тақыланды.
Бүгінгі жиынға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан Сыдықов Қанат Жамалбекұлы, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Бақыт Қырғызалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы К.Ахметов ауылдық округтердің әкімдері, кәсіпкерлер, тиісті бөлімдер қатысты.