Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр – сенатор

Сенат отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев өңірлік экономиканы дамыту мен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысының тиімділігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аудандық деңгейде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жетіспеушілігі, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктері аса маңызды мәселелердің бірі. Өкінішке орай, бұл бағыттарда нақты нәтижелі іс-шаралар қабылданбай отыр, ал корпорациялар мұндай жобалардан бас тартуға бейім. Осы орайда, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметінің функционалдық жағынан бытыраңқы бағытын ерекше атап өту қажет, – деді сенатор.

Депутат ӘКК-нің міндеттерін нақты айқындап, бақылау мен есептілікті күшейтуді, жергілікті бизнеспен тығыз байланыс орнатуды, әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беруді және бағаларды тұрақтандыруға арналған қаржы тетіктерін жетілдіруді ұсынды.

Аталған корпорациялардың институционалдық мәртебесін нақтылау, олардың қызметін заңнамалық тұрғыдан жүйелеу және өңірлік даму стратегияларымен өзара үйлестіру қажеттігі туындауына байланысты келесі ұсыныстарды енгізу қажет, – деп атап өтті Жанболат Жөргенбаев.

Сонымен қатар депутат төмендегідей ұсыныс айтты:

  • Корпорациялардың функционалдық жүктемесін қайта қарастырып, олардың міндеттері мен жауапкершілігін нақты ажырату.
  • Қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету, яғни қаржылық және шаруашылық қызметін ашық ету үшін мемлекет тарапынан бақылау мен есеп беру жүйесін енгізу.
  • Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жергілікті кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатуын күшейту.
  • Әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру.
  • Бағаны тұрақтандыруға арналған құралдарды жетілдіру, яғни қаржылық құралдарды тиімді пайдалану.