Азық-түлік бағасын көтергендер қанша айыппұл төлейді

Елімізде 13 наурыздан бастап жаңа ереже күшіне енді. Ережеге сәйкес енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын көтергендер айыппұл арқалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске (ӘҚБтК) өзгерістер енгізу мақсатында ҚР Әділет министрлігі заң жобасын ұсынды. Бұл өзгерістер 2025 жылдың 13 наурызында күшіне енді.
Негізгі жаңалық – бірінші рет заң бұзғаны үшін бұрын ескерту берілетін болса, енді бірден айыппұл салынады. Бұл өзгерістерге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесін 15%-дан асырған жағдайда кәсіпкерлерге ескерту жасалмай, бірден айыппұл салынады. Бұрын, бірінші рет заң бұзушылық жасаған кәсіпкерге тек ескерту беріліп, айыппұл тек 1 жыл ішінде қайталанған жағдайда ғана қолданылатын. Енді бірінші рет заң бұзушылық үшін айыппұл мөлшері келесідей болады:
- Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес – 5 АЕК (19 660 теңге);
- Орташа бизнес – 35 АЕК (137 620 теңге);
- Ірі сауда желілері – 150 АЕК (589 800 теңге). Егер бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.
Бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағаның негізсіз өсу тәуекелдерін төмендету. Қазір сауда нүктелеріне бақылау күшейтілуде. Сонымен қатар, әр кәсіпкер ӘМАТ-қа белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін сақтауы тиіс.
2023 жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу бойынша мемлекеттік бақылау функциялары әкімдіктерден ҚР Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Бұл қадамнан кейін, бақылау күшейтіліп, нарықта негізсіз алыпсатарлықты жою бойынша жүйелі жұмыстар басталды.
- 2023 жылы, өтпелі кезеңге қарамастан, алғашқы нәтижелер байқала бастады: 848 әкімшілік қаулы, оның ішінде 51 айыппұл (7 млн. теңге) және 797 ескерту.
- 2024 жылы, бақылау тетіктері белсенді іске қосылғанда көрсеткіштер бес есеге артты: 4384 қаулы, оның ішінде 284 айыппұл (16 млн. теңге) және 4100 ескерту.
- 2025 жылдың 20 наурызына дейін тіркелген деректер: 1189 қаулы, оның ішінде 70 айыппұл (5 млн. теңге) және 1119 ескерту. Бұл мәліметтер берілген функциялардың тиімділігін және мемлекеттік бақылауды іске асырудағы жүйелі тәсілді көрсетеді.