Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы борышкерден артық өндірілген сомасын қысқартты
Талап қоюшы Түркістан қалалық сотына жүгініп, жауапкерден 3 050 000 теңге қарыз ақшаны өндіруді сұраған.
Сот жауапкердің талап қоюшыға қарыз ақшасын іске тіркелген қолхаттарда көрсетілген мерзімде қайтармауына байланысты, жауапкер өзіне алған міндеттемені тиісінше орындамаған деген тұжырымға келіп, талапты қанағаттандырған.
Жауапкер сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатылы соттың мұндай тұжырымын негізсіз деп тауып, шешімді өзгерткен.
Себебі, сот іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс анықтамай, іске дұрыс құқықтық баға бермеген, яғни материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған.
Іс құжаттарына қарағанда 2023 жылғы 4 тамызда жауапкер талап қоюшыдан 1 050 000 теңге қарыз алған және осы қаражатты бір айда қайтаратыны туралы тілхат жазып, 1 050 000 теңгені қайтаруға міндеттенген.
Ал, жауапкер 2023 жылғы 14 желтоқсанда жазған тіл хатында талап қоюшыдан 2 000 000 теңге алғаны туралы жазғанымен, ақшаны қайтаратыны туралы өзіне міндеттеме алмаған, яғни Азаматтық кодекстің 268-бабының талабына сай міндеттенбеген.
Сондықтан, алқа талап қоюшының жауапкерден 2 000 000 теңге бойынша өз міндеттерін орындауын АК-тің 268-бабы негізінде талап ету құқығы болмағандықтан, сот жауапкерден 2 000 000 теңге негізсіз өндірілген деген тұжырымға келіп, өндірілген 3 050 000 теңгені 1 050 000 теңгеге дейін, мемлекеттік баж салығы 30 500 теңгені 10 500 теңгеге дейін төмендеткен.