Ауыл тұрғындарының талап-тілегі тыңдалды

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев Ордабасы ауданына жасаған жұмыс сапары аясында «Шұбарсу» бастауыш партия ұйымында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Партия ұйымдастырған қоғамдық қабылдауға келген азаматтар жергілікті әлеуметті толғандыратын нақты мәселелерді көтеріп, бұл бағыттағы жұмыстарға партиялық ықпал ету тетіктерін жұмылдыруды сұрады.

Шұбарсу ауылының тұрғындары көтерген негізгі мәселе – мектеп құрылысы болды. Тұрғындар саны еселеп артқан ауылға жаңа мектеп салу мәселесі – партияның өңірлік филиалының ерекше қадағалауына алынған маңызды міндеттердің бірі. Сайлауалды бағдарламаны Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енген бұл мәселеге аманаттықтардың ықпал етуімен қозғау салынды. Партия белгілеген міндет, облыс әкімдігінің жоспарына енді және облыстық мәслихаттағы партиялық фракция депутаттарының қолдауымен Шұбарсу ауылында 600 орындық мектеп салуға қаржы қаралды. Құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталып, мектеп ғимараты 2025 жылы толықтай пайдалануға берілетіні түсіндірілді. Алтынсары Дүйсенбекұлы, партияның бақылауында тұрған бұл нысанның дайындығы аманаттық өкілдердің тұрақты назарында болатынына сенім білдірді.

Қабылдауға келген тұрғындардың тағы бір тобы ауылды табиғи газбен қамту, көшелерге ауыз су жүйелерін жүргізу жұмыстарының аяқталу мерзімдері жөнінде білгісі келетіндіктерін жеткізді. Партияның өңірлік филиалының төрағасы, Шұбарсу ауылының инфрақұрылымдық ахуалын жақсарту жұмыстары жергілікті атқарушы және өкілді мемлекеттік органдардың негізгі басымдыққа ие мәселелерінің қатарына жатқызылғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды қоғамдық қадағалау партиялық бақылау тетіктері арқылы да іске асып жатқанын мәлімдеді.

Қабылданған жоба-жоспарлар бойынша Шұбарсу ауылын табиғи газбен қамту жұмыстарын 4 кезеңде атқару көзделгені айтылды. Тиісті мекемелер берген мәлімет бойынша, аталған жоба шеңберіндегі алғашқы құрылыс іс-шаралары 2021 жылы басталғанын, қазіргі таңда жобаның кезеңдік монтаж жұмыстары 70 пайызға аяқталғаны түсіндірілді. Жобаны толық іске қосу үшін Шұбарсу ауылына жеткізуші газ құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқаны мәлімделді. Әзірленген құжаттама тиісті тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өтетін болады. Барлық сатыдан өтіп, бекітілген жобаны іске асыруға қаржы бөлінуіне депутаттық фракция тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылды.

Шұбарсу ауылын орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын да 5 кезең бойынша атқару көзделгені жеткізілді. Оның бірінші кезеңіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылы аяқталып, іске қосылғаны түсіндірілді. 2-3 кезеңдер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу сатысына жақындағаны, қазіргі дайындық деңгейі 90-95 пайызға жеткені айтылды. Соңғы 4-5 кезеңдегі құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғын жайларды ауыз суға қосу жұмыстары қарқын алғаны мәлімделді. Жауапты өкілдердің берген мағлұматтарына сәйкес, нысандағы құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында толығымен аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өткізілетіні түсіндірілді.

Бұл бағыттағы жұмыстарды партияның Түркістан облыстық филиалы тұрақты бақылауында ұстап, айқындалған өзекті мәселелер бойынша тиісті облыстық басқармамен және аудан әкімдігімен бірлесе жұмыс жүргізетіні айтылды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ