«Ауыл – ел бесігі» аясында көшелер жөнделеді
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев халықпен кезекті кездесуін Киелітас ауылдық округінде өткізді. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды.
Округ аумағындағы аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 86,4 пайызды құрайды. 2022 жылы облыстық маңызы бар КХ-11 «Сарыағаш-Жылға-Монтайтас-Рабат-Ленгір» автомобиль жолы орта жөндеуден өтті. Киелітас елді мекеніндегі Алмалы, Бірлік көшелеріне, Сұлтан Рабат елді мекенінің Б.Рүстемов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға ауылдық округтің 16 көшесі ұсынылды.
Аудандық маңызы бар КХTL-9, КХ-82 «Ақайдар» жолындағы көпірді жөндеу үшін құжаттары салалық басқармаларға ұсынылды. Сұлтан Рабат елді мекеніндегі Қарауылтөбе көшесі бойындағы Бадам өзені арқылы көпірді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сонымен қатар Киелітас елді мекеніндегі Қарауылтөбе, Қорған көшелеріндегі 63 үйге газ құбыры тартылып, оны қосу жұмыстары жүргізілуде. Сұлтан Рабат елді мекеніндегі Қарауылтөбе көшесіне ауыз су құбыры жүргізіліп, Достық елді мекеніндегі №4, №5 ұңғыма ағымдағы жөндеуден өтіп, «Қыр» каналын механикалық тазалау жүргізілді.
Достық елді мекеніндегі Қ.Жылқыбаев көшесінің 3.5 шақырымды құрайтын электр желілері жаңартылып, 2 трансформатор қойылды. Сұлтан Рабат елді мекеніндегі Қарауылтөбе, Есікқорған, Жалын көшелері, Ақайдар елді мекеніндегі Мерей көшесіндегі электр жүйелерін жаңарту мақсатында демеушілер есебінен ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвест бағдарламасы арқылы Киелітас елді мекеніндегі Атамекен көшесіне 2,8 шақырым электр желілері тартылса, Сұлтан Рабат елді мекеніндегі Қазақстан көшесіне 3,01 шақырым электр желілері тартылып, трансформатор орнатылуда. Киелітас елді мекеніндегі Байбұлақ көшесіне түнгі жарық орнату, аяқ жол салу үшін қаржыландыруға ұсынылуда. Сұлтан Рабат елді мекенінің Жалын көшесіне түнгі жарық орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде.
-Сұрақ-жауап форматындағы кездесу барысында тұрғындардың өтініштерін тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, сұрақтарына жауап бердім. Округте атқарылып жатқан жұмыстар өзімнің бақылауымда болатындығын жеткіздім,-деп жазған аудан басшысы.