Ауданда халықаралық V форумы өтті

Қасқасу ауылдық округі Кеңесарық ауылында Бекасыл Биболатұлының 200-жылдығына орай Халықаралық V-форумы өтті. Форум Бекасыл әулиенің кесенесіне құран бағыштаумен басталып, жиналғандар Түгелбай Данай мұражайымен танысты. Кейіннен Есімхан ордасы археологиялық нысанның тарихына көңіл бөліп, ондағы бұлақ басынан су ішті. Бекасыл әулие ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қазақ-қырғыз зиялыларының қатысуымен ұйымдастырылған жиында алғашқы сөзді қоғам қайраткері Амалбек Тшанов алып, форумның мақсаты жөнінде әңгімеледі. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың, дала даналары мен ғұламаларының есімі және қасиетті жерлердің атауы қайта жаңғыртылуына орай өткізілген іс-шараға Елордадан арнайы қонақтар келді.

Форумға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, ҚР Президент Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын форумның ұйымдастырушысы Бекасыл Биболатұлының ұрпағы қоғам қайраткері, генерал Ержан Исақұловқа табыстады. Жиында қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, қырғыз елінен келген қонақтар сөз сөйледі.

Бекасыл Биболатұлы – Сайрам, Қарнақ, Ташкент, Самарқант, Бұхара, Шам (Сирия) елінде білім алған. Ол теология, астрология, астрономия, математика, философия салаларын жетік меңгерген. Бұған қоса, шипагер, Ислам қағидаттарын, өмір салтын терең меңгерген дана, ғұлама. Өз туған жерінде медресе ашып, балалардың білім алуына мүмкіндік туғызып, бірнеше кітаптың авторы атанған. Бізге жеткен «Зикзал» атты ғибрат кітабы.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ