«Атомшылар алеясы», «Street workout» және балалар ойын алаңшасы ашылды

 

Бүгін Таукент кентінде «Kazatomprom-SaUran» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен салынған төрт балалар ойын алаңшасы, «Атомшылар алеясы» және «Street workout» алаңының ашылу салтанаты өтті.

Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, «Kazatomprom-SaUran» ЖШС-нің бас директоры Асқар Нұрғалиев, Таукент кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленбек Әйнекбаев, кент әкімі мен тұрғындары, бірқатар бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Шарада алғаш болып сөз алған аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков жергілікті тұрғындарды жаңа балалар ойын алаңшасы, «Атомшылар алеясы» және «Street workout» алаңының пайдалануға берілуімен және «Kazatomprom-SaUran» ЖШС-нің құрылғанына 25 жыл толу мерекесімен құттықтап, бас директоры Асқар Нұрғалиевке аудан әкімінің алғыс хаты мен сый сияпатын табыс етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған халыққа көмек көресетуді табысты жүзеге асырып, көптің ықыласына бөленіп келген «Kazatomprom-SaUran» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясы, ауданның даму жолында әрқашанда үлкен қолдаулар білдіріп келеді. Осындай өрелі өндіріс орындары өңірімізде өркен жайып, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға және бірқатар әлеуметтік нысандарға демеушілік танытуда. Бүгін міне Таукент кентіндегі қос қуаныш, «Kazatomprom-SaUran» демеушілігімен салынған төрт балалар ойын алаңшасы, «Атомшылар аллеясының» және «Street workout» алаңының ашылуына куә болып отырмыз. Осынау әлеуметтік қолдауға Созақ ауданы тұрғындары атынан шексіз ризашылығымды білдіремін,-деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.

Сондай-ақ, аталған жиында Таукент кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленбек Әйнекбаев аудан басшысы мен «Kazatomprom-SaUran» ЖШС-нің ұжымына кент тұрғындары атынын алғысын білдірді. Сонымен қатар, «Kazatomprom-SaUran» ЖШС-нің бас директоры Асқар Нұрғалиевте кент тұрғындарына деген ыстық ықыласын білдіріп, аудан көлемінде осындай игі шаралар мен бірқатар жобалар қарастырылып, мұнан әрі де өз жалғасын табатынын жеткізді.

Жиын соңында Таукент кенті мәдениет үйінің әншісі Ақерке Жұмашева кент тұрғындары мен қонақтарына әсем әнін тарту етті.

ПІКІР ЖАЗУ