Астаналықтар мобилографияны бір аптада үйрене алады
Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде жоба аясында 2 мыңнан астам елордалық түрлі мамандық бойынша оқыту курстарынан өткен. Ал оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Мәселен, бүгінгі заманауи мамандық мобилографияны да жоба арқылы тегін оқуға болады. Бұл мамандықты меңгеріп алған жандар смартфон арқылы сәнді фото мен видеоларды түсіріп, монтаждап, дайын контент жасай алады. Ал нарықта бұл мамандық иелерінің өніміне қызығушы адамдар көп.
«JOLTAP» жобасындағы «Мобилография» курсының оқытушысы Кәмшат Қапардың сөзінше, әлеуметтік желінің маңыздылығы артқан сайын SMM мен мобилограф мамандығына сұраныс көбейеді.
Осы салада жүргеніме 3 жылдай болды. Негізі SMМ-мобилограф болып жұмыс істеймін. Негізгі мамандығым заңгер, бірақ бұл мамандыққа қызығушылық болып, қазіргі таңда хоббиімді негізгі мамандығыма айналдырдым деп айтсам болады. Себебі маған фото-видео түсіру және күнделікті әлеуметтік желіде белсенді болған ұнайды. Жалпы қазір ақпараттық заман болғандықтан, адамдардың көбі әлеуметтік желіде белсенді болып келеді. Соған сай қазір SMM мен мобилограф мамандығына сұраныс артып келеді, – деді елордалық оқытушы.
Алты күндік «Мобилография» курсында мамандыққа кіріспе, монтаждау, заманауи видео түсіру сияқты теориялық және практикалық сабақтар өтеді. Камшат Қапар өз сөзінде, курс барысында практикаға көп мән берілетінін атап өтті.
Өзім әлеуметтік желіде белсендімін. Әрқашан мамандық бойынша блог жүргізіп, өзімнің оқушыларымның жетістігімен бөлісіп отырамын. Содан да болар, маған «JOLTAP» жобасына оқытушы болу туралы өтініш түсті. Жалпы мобилография курсы 6 күндік оқудан тұрады. Алғашқы сабақ «Мобилографияға кіріспе» деп аталды, онда осы мамандық туралы теория негізінде түсіндіремін. Сосын фототүсірілім бойынша тәжірибе болады. Екінші күні видео түсірудің қыр-сырын үйретемін. Оқыту курсында практикаға көп мән беріледі. Монтаж жасау әдіс-тәсілдеріне де бір күн тоқталамыз. Онда монтаж жасауға арналған қосымшыларға тоқталып, сабақ барысында монтаж жасаймыз, – деді ол.
Сонымен қатар курс барысында әсерлі және заманауи трендтегі видеоларды түсіру тәсілі үйретіледі. Курстың соңғы сабағы «монетизация» деп аталады. Яғни, осы салада жұмыс істегісі келетін жандар үшін қалай жұмысқа орналасуға болады, жеке тапсырыс бойынша фото-видео түсірілімді қандай бағаға ұсынуға болатыны туралы айтылады.
Курстың соңғы күні студенттер тест тапсырып, портфолио қорғайды. Сондай-ақ фото-видеоларын көрсетеді. Егер барлық тапсырманы жақсы орындаса, онда курсты аяқтағаны туралы сертификат береміз. Осы уақытқа дейін мобилография бойынша 450-500 адам оқып шықты. Оның ішінде 300-ге жуық оқушыны мен оқыттым. Жалпы осы курсқа адамдардың қызығушылығы өте жақсы деп айта аламын. Оқушылардың көбі өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, декреттегі аналар мен студенттер, – деді ол.
Биыл елордада осы жоба бойынша 10 мың тұрғынды жаңа мамандықтарға оқыту жоспарланып отыр.
Мен өзім бұл жобаның фанатымын деп айта аламын. «JOLTAP» жобасы жұмыссыз адамдарға үлкен мүмкіндік береді. Жоба аясында түрлі курстар бар, олар қазіргі заман талабына негізделген. Соның ішінде өзіне ұнаған курсты таңдап, тегін оқуға болады. Мысалы, «Мобилография» курсы туралы айтатын болсам, басқа жерде осы мамандыққа оқу 150-200 мың теңгедей болады. Ал бұл жерде бәрін тегін үйреніп, сосын жұмысқа орналасуға болады. Сондықтан да жұмыссыз қала тұрғындарын «JOLTAP» жобасына шақырамыз, – деді Кәмшат Қапар.
Айта кетейік, қатысушылардың таңдауына 14 мамандық ұсынылған. Ал оқыту бағдарламалары мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды ұсынуға бағытталған.