Астанадағы Smart City

Астана қаласы Қоғамдық кеңесі елорданың цифрлық және инновациялық дамуы мәселелеріне және Smart City жобасын іске асыруға арналған “Астана. Ақылды қала бүгiннен басталады” атты диалог алаңын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиында Presight AI Kazakhstan өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев жасанды интеллектке негізделген қалалық инфрақұрылымды басқару бойынша мемлекеттік-жекеменшік жобаларды іске асыру тәжірибесін таныстырды.
Presight БАӘ, Үндістан, Финляндия тәжірибесі сияқты әлемнің үздік тәжірибелерін әкеліп жатыр. Алайда енгізу барысында қазақстандық мамандарға басымдық беріледі. Жұмыстардың 60%-ға дейінгі бөлігін отандық IT-компаниялар орындайды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа құзыреттер қалыптастырады және жүйенің қаланың бақылауында қалуына кепілдік береді, – деді ол.
Қошымбаевтың айтуынша, жобаның негізгі элементі жасанды интеллект негізіндегі ситуациялық орталық болады. Онда қаланың барлық деректері жинақталып, өңделеді.
Біз деректерді өңдеу орталығын құрып жатырмыз. Онда барлық ақпарат киберқауіпсіздік талаптарына сай орталықтандырылып сақталады әрі өңделеді. Жасанды интеллектке негізделген бейнеаналитикасы бар камералар тек жол ережелерін бұзуды тіркеп қана қоймай, өрт шығу қаупінен бастап, адамдардың жаппай жиналуына дейінгі ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді, – деді маман.
Мақсат Қошымбаев барлық жұмыс істеп тұрған жүйелерді бірыңғай деректер массивіне біріктіру арқылы қала Үкіметке жақында жеткізілген суперкомпьютердің әлеуетін толық пайдалана алатынын жеткізді. Деректер неғұрлым көп жинақталса, талдау мен жасанды интеллект соғұрлым тиімді жұмыс істейтінін атап өтті.
Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов қалада Smart City жобасын жүзеге асыру үшін жеткілікті инфрақұрылымды қамтамасыз ету жұмысы қатар жүріп жатқанын айтты.
Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, егер үйдің жанында интернетке қолжетімділік болмаса, қандай цифрлық шешімдерді қолдануға болады? Сондықтан біз ең алдымен инфрақұрылымды дамытудан бастадық. Бұл жерде мемлекеттік бюджет қаражаты жұмсалған жоқ, толықтай жеке инвестициялар тартылды. Бүгінгі таңда барлық 16 тұрғын алабы мен бір саяжай алабы қосылды. Яғни олар 100 мегабиттен жоғары жылдамдықтағы интернетке қосыла алады, – деді ол.
Диалог алаңы “Белсенді Азамат” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы қолдауымен өткізілді.
Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша бірқатар конструктивті ұсынымдар әзірленді. Барлық ұсыныстар Astana Smart City жобасын жүзеге асыруға енгізілетін болады, – деп қорытындылады диалог алаңының жұмысына қатысқан Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев.
Айта кетейік, бұл іс-шара Қоғамдық кеңестің кезекті отырысына дайындық аясында ұйымдастырылып отыр. Онда жұмыс жоспарына сәйкес қалалық инфрақұрылымды цифрландыру мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралып, Astana Smart City жобасын іске асыру бойынша есеп тыңдалатын болады.