Астанада жасырын патруль жүргізушілерге айыппұл салып жатыр

Астанада 033 нөмірлі көлік жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салып жатыр. ІІМ басшысы осы мәселені түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана тұрғындары әлеуметтік желілерде арнайы белгілері жоқ, 033 нөмірлі көліктер жасырын патруль жүргізіп жатқаны жайлы шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, бұл көліктер жолда өзге жүргізушілерді аңдып, ереже бұзушылықтарды жасырын түрде тіркеп жүр. Осыған орай, журналистер бұл тәжірибенің қаншалықты заңды екенін Ішкі істер министрі Ержан Саденовтен сұрады.
Біз бұл заңды қабылдаған кезде, қалаларда жасырын патрульдеуді көздеген едік. Мұны дұрыс түсіну керек: бұл – қудалау немесе аңду емес, бұл – құқық бұзушыларды анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізу. Егер жүргізуші жол қозғалысы ережелерін сақтаса, алаңдайтын ештеңесі жоқ, – деді Саденов Мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, қоғамда бұл мәселеге көзқарас екі түрлі. Бір жағынан, көптеген азаматтар жол ережесін тек полиция бекеттері мен камералар тұрған кезде ғана сақтайды, ал олар жоқ жерде ереже бұзады.
Сондықтан да жасырын патрульдеу қажет. Ал тіркелген құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдар заңды, себебі нақты бұзушылықтар дәлелденген, – деп атап өтті министр.