Астанада Түркістан облысының өнерпаздары көпшіліктің ықыласына бөленді
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Түркістан облысының өнерпаздары Астана төрінде өнер көрсетіп жатыр. «Бірлік керуені» жобасы шеңберінде «Көшпенділер әлемі» құрылған болатын. Этноауылда киіз үйлер тігіп, көпшілікке өңірдің мәдени-туристік әлеуетін таныстырып жатыр. Шараны тамашалаған еліміздің депуттары мен зиялы қауым өкілдері бастаған көрермен өз бағасын беріп жатыр.
Алдымен түркістандықтар Тайқазан маңында Ақмола мен Ұлытау облысының керуенімен бірге салтанатты су құю рәсіміне қатысты. Облыс өнерпаздары мен өкілдері белсене араласты. Содан соң мәдени-концерттік бағдарламаға ұласты.
«Шаңырақ» этно шатырында өткен «Дала сазы» концертінде Түркістан облысының «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі мен «Арша» тобы өнер көрсетті. Содан соң аламан айтысқа Түркістан облысының айтыс жүйріктері қатысты. Ақмола мен Ұлытау облыстарының ақындарымен көпшілікке қазақ айтыс өнерін паш етті. Облыс құрамасын «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков бастап келді. Жас ақыдар – Нұрмахан Жақыпбек және Нұрдәулет Өмірбеков облыс намысын абыроймен қорғап шықты.
Күннің екінші бөлігінде облыс өнерпаздары мен белгілі әнші Маржан Арапбаеваның қатысуымен «Түркістаным – Тұраным» гала-концерті өтті. Онда «TANBA» мен «TURAN boys» тобы, «ARTist» және «Фараб» би ансамблі, белгілі дәстүрлі әншілері Оразәлі Жаңабаев, Мағжан Әлтенбаев және Ахинбеков Руслан, Әлменов Тұрар, «Сарын» тобы, Дінмұхаммед пен Дана, Айзада Асылхан, «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі мен «Арша» тобы өнер көрсетті.
Киіз үй алдында Отырар халық театрының ұлттық салт-дәстүр қойылымдарынан көрініс көрсетсе, «Арша» тобының дәстүрлі ән шашуы мен «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблінің туындылары көптің қызығушылығын тудырды. Шәмші әндерін қосыла шырқап, халық әндерін тыңдады. Әсіресе шетелдік туристерді қазақ өнері таң қалдыруда.
Күні бойы облыстың қолөнер шеберлерінің өнімдері көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынылып жатыр. Өңірден барған 15 шебердің қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс жоғары. Ұлы дала дүбірі аясында өткен мәдени шараға келушілер қатары көп болды.
Айта кетейік, дархан даланы дүбірге бөлеп, көшпенділердің салт-санасы мен өмір сүру салтынан сыр шертетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 13-ші қыркүйекке дейін өтеді. Осы уақыт аралығында Этноауылдағы мәдени бағдарлама өз жұмысын жалғастырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі