Астанада ІІ Орталық Азия медиа форумы басталды

 Елордада ІІ Орталық Азия медиа форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауқымды шараға саясаткерлер, журналистер, медиакомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ танымал ақпарат құралдарының сарапшылары қатысып отыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Катар, Ресей және өзге де мемлекеттерден 700-ден астам делегат жиналды.

Форумның мақсаты – Орталық Азиядағы медиа ұйымдар мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, БАҚ-тың цифрлық трансформациясы мен оның аймақтың ақпараттық кеңістігіне ықпалын талқылау, сондай-ақ қоғамдық пікір қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін зерттеу.

Сонымен қатар форум барысында жаһандық деңгейдегі маңызды сын-қатерлер – климаттың өзгеруі, геосаяси тұрақсыздық және олардың Орталық Азия экономикасына әсері де назардан тыс қалмайды. Тұрақты дамуды қолдау және халықаралық аренада аймақтық мүдделерді ілгерілету мәселелері де күн тәртібіне қойылған.

Форум аясында екі күн бойы өтетін панельдік сессияларда қатысушылар Орталық Азия елдері арасындағы медиа ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін, жаһандық медиа саласының даму жолдарын, болашақтың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректер дәуіріндегі медиа саласының трансформациясын және әлеуметтік желілердің ел имиджін қалыптастырудағы рөлін кеңінен талқылайды.

Сонымен бірге форум шеңберінде Орталық Азия елдерінің ақпарат өкілдері арасында жұмыс кездесуі өтеді.

ПІКІР ЖАЗУ