Астанада 16 мыңнан астам тұрғынға жұмыспен қамту бойынша қолдау көрсетілді

Елордада тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздықты азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жыл басынан бері бұл шаралармен 16,4 мың адам қамтылды. Биыл жыл басынан бері қалада 8,1 мың адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.

Олардың ішінде 5 228 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Атап айтқанда, 953 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында мемлекет қолдауына ие болды, 260 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 3 232 тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар, «Күміс жас» жобасы аясында зейнет жасына жақындаған 783 азамат жұмысқа орналасты.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында әлеуметтік осал санаттағы 126 адамға жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқытудан 88 жұмыссыз азамат өтті. Ал «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгергендердің саны 3,2 мың адамды құрады. Сонымен қатар 3,2 мың тұрғын әлеуметтік-кәсіби бағдарлау қызметімен қамтылды.

Бұдан бөлек, Астанада тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Мұндай алаңдарда жұмыс іздеушілер бірнеше жұмыс берушімен бір мезетте тікелей тілдесіп, алдын ала әңгімелесуден өтіп, жұмыс табуға мүмкіндік алады.