Әскерге арналған ақылды техника қалай жасалады?

Қазақстанда қорғаныс өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Бүгінде елімізде тек бронетехника ғана емес, сонымен қатар заманауи жауынгерлік модульдер, радиолокациялық жүйелер, дрондар, жол-құрылыс техникасы мен оқ-дәрілер толық өндірістік циклде жасалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы ірі жобалардың алдыңғы шебінде тұрған – 2014 жылы құрылған Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) компаниясы.

Кәсіпорын №1 Индустриялық парк аумағында орналасқан. Өндірістік алаңы – 13 500 шаршы метр. Мұнда жылына 360 MRAP класты броньды көлік шығарылады. Зауытта 350-ге жуық маман еңбек етеді.

Компания болашаққа үлкен жоспарлар құрып отыр:

– жылына 10 000 жүк көлігіне дейін өндіретін жаңа зауыт салу;

– қорғаныс және азаматтық бағыттағы электрондық өнімдер шығару;

– артиллериялық оқ-дәрілерді толық циклде өндіретін «Аспан» жобасын іске асыру.

Бұл салада қарқынды дамып келе жатқан тағы бір маңызды ойыншы – Barys Dynamics холдингі. Ол бронетехникадан бастап, радарлар мен дрондарға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.

Электр цехының құрастырушысы Нұржан Қалмаханұлы өз жұмысымен таныстырды.

Мұнда машинаның барлық электр жүйелері жобаланады. Яғни қозғалыс, басқару, байланыс – бәрі осы жерден басталады. Біз тек сызбасын жасап қоймай, оны өзіміз жинақтаймыз. Отандық өнімдерді пайдалануға тырысамыз. Цех – бұл көліктің “миы”, – дейді ол.

Нұржан Қалмаханұлының айтуынша, құрастырушы тек бұйрықпен емес, өзінің инженерлік ойымен де жұмыс істейтін маман.

Біздің мақсат – қазақстандық әскерге барынша ыңғайлы әрі сенімді техника жасау, – дейді ол.