Арысқа газ келді
Қала іргесіндегі магистралды газ құбырының негізгі кранын ашу рәсімі өтіп, онда газ алауы жағылды. Арыстықтар үшін айрықша қуанышты әрі тарихи сәттің куәсі болуға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен зиялы қауым өкілдері, саланың жауапты мамандары және қала тұрғындары қатысты.
Шаһар басшысы арыстықтардың қуанышына ортақтасып, құттықтады. «Газдандыру – қаламыздың дамуына әрдайым оң әсер етеді, өндірістік және әлеуметтік саланың одан әрі дамыта түседі. Газ – бүгінгі таңда арзан әрі тиімді отын түрің десек те, оның қауіпсіздігін бір сәтке де ұмытуға болмайды. Тұрмыста газды пайдаланудың барлық ережелерін сақтау қажет, сонда сіздің үйіңіз әрдайым жылы әрі жайлы болады», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, “Көктем” мөлтек ауданында орналасқан Р.Қошқарбаев көшесінде тұратын теміржолшы ардагер Ғабиден Ходжаевтың үйіне газ берілді. «Көптен күткен газымыз келгеніне біз өте қуаныштымыз. Енді пеш жағып әуре болмасымыз анық. Бұл бізге жеңіл болып қана қоймай, экологиямыз да жақсара түседі», – дейді үй иесі. Бүгінгі таңда Арыс қаласын табиғи газға қосу үшін Ордабасы ауданындағы №19 «Темірлан» АГТС-нан Арыс қаласына дейін 41,2 шақырым газ құбыры тартылған. Сондай-ақ, қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 15,6 шақырым жеткізгіш газ құбыры жүргізіліп, 6 дана газды реттеу пункті (ГРП) орнатылды және қысымдау жұмыстары жүргізілді.
Соның нәтижесінде осы күні тоғыз шағынаудан табиғи газға қосылды. Әрі қарай, Арыс қаласы мен қалаға қарасты ауылдарды газға қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі