Арыс: мерейің таси берсін ардақты ұстаз!

Жыл сайын дәстүрге айналған ұстаздар күні мерекесі қаламызда ауқымды аталып өтті. Мәртебелі мамандық иелеріне алғашқылардың бірі болып, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жүрекжарды тілегін жолдады.

«Сіздер қандай да жағдай болмасын кәсіби міндеттеріңізді абыроймен атқарып, барлық күш-жігер мен шеберліктеріңізді ел болашағына жұмсап келесіздер. Осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін! Атаулы күні ерен еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін. Әсіресе, бар саналы өмірлерін шәкірт тәрбиелеумен өткізген ардагер ұстаздарға ризашылығымыз шексіз,» – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Шарада күнделікті өмірде ұстаздық етуден жалықпаған мұғалімдер ерекше ілтипат сезінді. Олар үшін шырқалған ән, қала әкімі ұсынған ықылас гүлі – қарапайымдылықтың үлгісі бола білген ұстаздардың мәртебесін асқақтатып тұрды.

Шаһар басшысы білім саласында ұзақ жылдан бері талмай еңбек етіп, табыстарға қол жеткізіп жүрген бірқатар ұстаздарды марапаттады.

Атап айтқанда, «Арыс қаласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен 5 ұстаз марапат төрінен көрінсе, 4 ұстазымыз ҚР Оқу-ағарту министрінің түрлі наградасымен ұлықталды. Бұдан бөлек, бірқатар білікті ұстаздарға облыстық білім басқармасы мен қалалық мәслихатының, «Amanat» партиясының Алғыс хаттары табыс етілді.

Жалпы, бұл күні ізденімпаздығымен, дарынымен заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруға үлес қосқан ұстаздардың құшағы гүлге толды.

Салтанатты шара әрі қарай мектеп мен мәдениет үйі өнерпаздарының ұстаздарға тарту ретінде əзірленген концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ