Арыс: биыл Байырқұмның ішкі көшелеріне газ жүйесі құрылысы басталды

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың тұрғындармен кезекті кездесуі Байырқұм ауылдық округінде өтті. Кездесуде шаһар басшысы қала көлемінде әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті.

Биыл Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріне газ құбырының (магистраль) құрылысы басталғаны белгілі. Нысан келесі жылға өтпелі. Енді, Байырқұм елді мекенінің ішіне газ жүйесінің құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы мақұлданып, құрылысы басталып кетті.

Бұдан бөлек, Байырқұм елді мекенінен заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету мақсатында «Б-К-1» каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Сараптама алынған соң, каналдар жөнге келтірілмек.

Байырқұм елді мекеніндегі футбол алаңшасына жөндеу жұмыстары басталды. Ал, жылдың соңына дейін елді мекеннің су жүйесінің мембраналық фильтрін ауыстыру, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар жеңілдетілген несие рәсімдеу, жайылым жер, көмір жеткізудегі кедергілер мен оның бағасы сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмады.

Жиыннан соң ауыл жұрты жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.

ПІКІР ЖАЗУ