Алтын, мұнай және теңге: 2026 жылғы Қазақстан экономикасының бағыты айқындалды

 Экономист Айбар Олжай “15 минуттық экономика” жобасында халықаралық резервтерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, дәл қазір еліміздің халықаралық резервтері 125,7 миллиард долларды құрайды.

Халықаралық резерв екі қордан тұрады. Біріншісі – Ұлттық банктің алтын-валюта қоры. Оның көлемі 62,1 миллиард доллар. Биыл осы қор жақсы өсті. Себебі алтын кәдімгідей қымбаттады. Екіншісі – Ұлттық қор. Ұлттық қордың валюталық активтері 63,6 миллиард долларға жетіп отыр. Екеуін қоссақ, халықаралық резевтеріміз 125,7 миллиард доллар болғанын көре аламыз. Биылғы жылдың басымен салыстырсақ, халықаралық резевтер 20,1 пайызға ұлғайған. 2025 жылдың басында біздің резервтер 104,66 миллиард доллар болған еді. Сонда биылғы 11 айда 21 миллиард долларға көбейдік. Келесі жылы биылғыдай алтын қатты өспей, мұнайдың бағасы барреліне сол 60 доллар деңгейінде болады, ал акциялар нарығында орташа өсім тіркеледі деп есептесек, шамамен 14 пайызға өсе аламыз деп ойлаймын. Онда келесі жылы біздің халықаралық резевтеріміздің көлемі 143,3 миллиард доллар болуға тиіс, – деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар экономикада теңге бағамының да рөлі зор.

Біз биылғы жылды шамамен 525 деген курспен бастағанбыз. Демек, бір жылдық перспектива теңге долларға қарағанда құлаған жоқ. Ал келесі жылы қандай болуы мүмкін? Үкімет бюджетті бекіткенде, келесі жылдың болжамды курсын 540 деп бекітті. Енді сыртқы тауар айналымның келесі жылға болжамын қарайық. Экспорт көлемі 2026 жылы 77,1 миллиард долларды құрайды. Ал импорт көлемі 67,7 миллиард доллар болуы тиіс. Сонда Қазақстанның сыртқы тауар айналымы келесі жылы 144,8 миллиард долларға жетеді. Біздің сальдо жағымды болып қала береді. Яғни экспортымыз импорттан артық болуға тиіс. Осы ретте, базалық ставка шешуші рөл ойнайды, – дейді экономист.

Пайымдауынша, қазір ол 18% деңгейінде сақталып тұр. Ұлттық Банк болашақта не істейтінін, жоспарларын қазір ашық білдіруде.

Егер келесі жылы біз инфляцияның биылғыдай жоғары болатынын күтсек, онда Ұлттық Банктің базалық ставканы 2026 жылы 19 пайызға дейін көтеруі де ғажап емес. Ал Америка Құрама Штаттарында Федералды резерв жүйесінің ставканы 3,5-3,75% коридорына түсіргенін ескерсек, теңгелік арбитраж сақталады және шетелдік инвесторлардың теңгелік қаржылық құралдарды сатып алуы жалғасады. Бұл долларды арзандатып, керісінше теңгені күшейтеді. Бірақ Үкіметке теңгенің базалық сценарийден ауытқып, тым қатты күшейгені де керек емес. Себебі, келесі жылы Ұлттық қордан 2,77 триллион теңгені алғанда, 540 курсымен оған қордың валюталық активтерінен 5,12 миллиард доллар жұмсалады деп есептелген. Мысалы, теңге бағамы 520 болып тұрса, онда Ұлттық қор 5,32 миллиард долларға шығындалмақ. Сонда 200 миллион доллар артық шығын кетеді, – деді Айбар Олжай.

Сол себепті, бұл жерде нарық пен әкімшілік ресурстың компромисі орын алып, теңге бағамы 2026 жылы долларына 530-550 коридорында жүреді деп болжауға болады.