Алматыда Құрылтайда айтылған ұсыныстар талқыланды

 Алматы қаласының ҚХА ақсақалдар кеңесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына байланысты «дөңгелек үстел» өткізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жиын барысында Құрылтайда айтылған өзекті мәселелер мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының мән-маңызы талқыланып, оны орындау механизмдері бойынша жеке ұсыныстар айтылды. Жиын модераторы болған Алматы қаласының ҚХА ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Болат Оспанов «адал азамат» ойы жөнінде пікір білдірді.

15 наурыз күні Атырау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Президент бұл жиналыста халқымыздың ынтымағын күшейту маңызды екенін айтты. Ынтымақты күшейту жолында біздің – аға буын өкілдерінің орны ерекше. Біз келешек ұрпаққа үлгі болып, ірі мәселелерді көтеруіміз қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бес кеселмен: есірткі саудасы, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық және буллингпен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек екенін атап өтті. Құрылтайда айтылған «адал азамат» ойы Әділетті Қазақстан идеологиясына тікелей байланысты. Адал азамат – бұл бойында кіл жақсы қасиеттер жиналған, өзінің шынайы еңбегімен жетістікке жететін, адалдық пен әділетті бірінші орынға қоятын адам, – деді Алматы қаласының ҚХА ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Болат Оспанов.

Ал ҚР ұйғырлар республикалық этномәдени орталығының төрағасы Абдулхалил Долкунтай бала тәрбиесіне аса мән беру қажет екенін айтты.

Жастарымызды есірткі болсын, қауіпті діни ағымдар болсын – барлық қауіпті кеселдерден сақтандырып тәрбиелеу маңызды. Қазақстанды сүйетін, еңбек сүйетін, бірлік-ынтымақты күшейтетін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Еңбек сүйетін адам ешқашан өзгенің ақысын жемейді. Бізде «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген жақсы сөз бар. Балаларымызды спортқа баулып, жаман әдеттерге жолатпасақ, сонда Мемлекет басшысы айтқан «адал азаматтар» өседі, – деді ол.

ПІКІР ЖАЗУ