Алматыда құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі

 Алматыда ертең ТЖ кезінде жаппай құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматыда 31 мамыр күні сағат 12:00-де Mass Alert ТЖ туралы жедел құлақтандыру жүйесі сынақтан өткізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда Mass Alert ТЖ туралы жедел құлақтандыру жүйесін іске қосу жобасы жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде – 31 мамырдан бастап жүйе Android құрылғыларын пайдаланушылар үшін іске қосылады.

Ертең сағат 12:00-де Android мобильді құрылғыларды пайдаланушыларға қазақ, орыс және ағылшын тілінде «Алаңдамаңыздар. Халықты хабардар ету жүйесіне тексеру жүргізілуде. Не беспокойтесь. Проводится проверка системы оповещения населения. Remain calm. The public alert system is being tested», – деген хабарлама келіп түседі.

Екінші кезеңде iOS құрылғысының пайдаланушылары жүйеге қосылады.

Mass Alert жүйесінің SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылығы бар. Хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке келеді. Сонымен қатар, жүйе желілердің шамадан тыс жүктелу жағдайында жұмыс істейді. Cell Broadcast технологиясының басты артықшылығы, қамту аймағындағы барлық абонентті бірден әрі жаппай ескертуде.

Сондай-ақ Mass Alert-ті Алматы ТЖД жер сілкінісі туралы ерте құлақтандырудың автоматты жүйесімен біріктіру жоспарланған.

ПІКІР ЖАЗУ