Алматы облысында “Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы” басталды

Су тасқыны кезеңінен апатсыз өту мақсатында Алматы облысының аумағында 2024 жылғы 1 ақпаннан 30 сәуірге дейін “Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы” басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ-ға сілтеме жасап.

ТЖД бөлімшелері әкімдіктермен бірлесіп қарды тазарту және шығару, арық-дренаждық жүйелер мен су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын жүргізеді, елді мекендер бойынша рейдтер, су тасқыны кезіндегі іс-қимыл ережелерімен танысу бойынша халықпен жиындар өткізеді.

ТЖД азаматтардан айлыққа белсенді қатысуды сұрайды. Су тасқыны қаупін болдырмау мақсатында аулалардан қар шығаруды ұйымдастыру, сондай-ақ арық және дренаж жүйелеріне қоқыс тастамау қажет.

Бұдан басқа, таяу уақытта жағалауды нығайту, өзен арналарының учаскелерін түзету, түбін тереңдету және тазарту, елді мекендердің айналасына топырақ үйіп тастау, қорғау бөгеттерін салу, автомобиль және темір жолдардың астындағы су өткізу арналары мен құрылыстарды тазалау, қар шығару жұмыстары басталады, – деді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.

ПІКІР ЖАЗУ