Алика Мұхамадиева әлеуметтік желіде алауыздық тудырғаны үшін сотталды

Бүгін Қарағанды қаласындағы Қазыбек би аудандық соты Алика Мұхамадиеваға қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысы прокуратурасының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Алайда сот Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жазаны орындауды кейінге қалдырды. Бұл шешім Мұхамадиеваның екі жасар баласының болуына байланысты қабылданған.
2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енген заңға сәйкес, жас балалары бар әйелдерге (егер 5 жылдан артық мерзімге сотталмаған болса) жазаны өтеуді кейінге қалдыру міндетті түрде қолданылады. Сондықтан сот бүгінгі үкімде дәл осы норманы пайдаланды.
Бұған дейін Қарағанды облысында әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғыны ұсталғаны еді.




