Алғысын алып халықтың…

 

Ауданымызда Ш.Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының (төрағасы белгілі қоғам қайраткері, меценат, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Қайрат Айтбай) құрылғанына көп бола қоймаса да оның күні бүгінге дейін атқарып келе жатқан қайырымдылық жұмыстарын қарапайым ауыл тұрғындары жақсы біледі. Мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын жақсартып, тұрмыс жағдайларын көтеру деген сенімді бағытты берік ұстанып келе жатқан қайырымдылық қорының мүшелері Састөбе цемент зауытының басшыларымен тығыз байланыс орната отырып, Түлкібас төрінде талай қайырымдылық шараларын жасады. Атап айтар болсақ, аудан орталығынан шалғай орналасқан Көкбұлақ ауылындағы Новая көшесіне қиыршық тас төгіп, тегістеп берсе, Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебі оқушыларының Астанаға мектеп оқушылары арасында өтетін баскетбол жарысына қатысып қайтуларына мүмкіндік жасады. Түлкібас кентіндегі «Шынар- Бастау» рухани демалыс аймағын абаттандыруға ерекше атсалысып, 700 түп ағаш көшеттерін, 30-дан аса гүл шоқтарын қондырып, осында келіп дем алушылар үшін Алтыбақан орнатып берді.

Тоғыз жолдың бойына сұғына орналасқан Түлкібас кентіндегі Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы, А.Асқаров атындағы жалпы орта мектептеріне Білім күніне орай демеушілік жасалды. Састөбе ауылдық округіне қарасты Қызыл ту елді мекенінің мешітін күрделі жөндеуден өткізуге қаржылай қолғабыстарын тигізді. Мұндай қайырымдылық Келтемашат ауылдық мешітіне де жасалды. Састөбе ауылындағы Макаренко мектебінің «Найза» бишілер тобына Халықаралық «Алматы шақырады» өнер байқауына барып қайтуларына да демеушілік көрсетілді. Ш. Мұртаза қоры мен Састөбе цемент зауыты басшыларының ықпалымен Ынтымақ ауылында жастар мен мектеп оқушыларына арналған спорт алаңы ашылып, пайдалануға берілді. Іргелі білім ордасы – Б. Момышұлы жалпы орта мектебінің мәжіліс өтетін залына демеушілік жасалынды.

А. Асқаров, Б. Момышұлы, Т. Рысқұлов, «Алғабас – 1», С. Рақымов, Бағысбаев, Ш. Мұртаза, Ә. Молдағұлова, «Жанкент», Гагарин мектептеріне «Мектепке жол» акциясы аясында кезекті қайырымдылық шаралары жасалып, тұрмыстары төмен, көп балалы отбасылардан шыққан 172 оқушыға мектеп формалары мен канцелирлық заттар табыс етілді. Мұнан бөлек, Ш. Мұртаза атындағы шағын жинақты мектеп гимназияда өткен «Қаламгер, қайраткер Шерхан аға» атты ғылыми конференцияға, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында өткен Ш. Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына демеушілік көрсетілді. Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепте оқыған Шерхан Мұртазаға осы білім ордасындағы бір оқу кабинетіне арнайы сынып бөлмесін ашу да өз дәрежесінде атқарылды.

Міне, осылайша Ш. Мұртаза атындағы ВАКФ Қайырымдылық қоры өзінің құрылғанына көп бола қоймаса да осы күнге дейін талай игілікті істерді, түрлі қайырымдылық шараларды атқарғанының куәсі болып отырған жағдайымыз бар. Әрине, бұл қайырымдылық шараларының алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба беретініне күмәніміз жоқ. Ендеше, өз жерлестерінің сенімдерінен шығып, олардың шынайы алғыстарына бөленіп келе жатқан Ш. Мұртаза атындағы ВАКФ Қайырымдылық  қорының жұмысына сәттілік тілейміз.

Орынтай КӨМЕКОВ.

ПІКІР ЖАЗУ