Алаяқтар енді “домофон” арқылы алдауға шықты

Әлеуметтік желіде көпшілік назарын аударған бір аудиожазба тарады. Онда көпқабатты түрғын үйлердегі «домофон» арқылы алаяқтар деректеріңізге қол жеткізуге тырысады. BAQ.KZ тілшісі алаяқтардың құрығына түспес үшін бірнеше кеңес береді.
Алдымен бейтаныс адам пәтерініздің нөмірін теріп, өзін «домофон» орнататын маман ретінде таныстырады. Және жаңа орнатылатын қызмет үшін жаңа кілт жасау керектігін алға тартады. Ал жүйені қайта қалыпқа келтіремін дегенше, «кілтсіз кіру қызметін» қосу керектігін ескертеді.
Содан соң уақытша үйіңізге кілтсіз кіру үшін, ұялы телефоныңызға жіберілген кодты айтуыңызды сұрайды. Ал мұндай іс-әрекеттердің алаяқтардың жаңа «схемасы» екенінен бейхабар азаматтар, келген кодты еш ойланбастан айтып, өзінің жеке деректеріне жол ашып беріп жатырған көрінеді. Әзірге осындай негізде шағым түскен жоқ.
Ал Ішкі істер министрлігі интернеттегі жаңа алаяқтық әдістер туралы ескертіп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырады. Себебі «домофонға» жауапты мекемелер ешқашан сізден жеке деректеріңізге рұқсаттама сұрамайды. Ондай жағдайда тұтқаны қойып, алдымен көршілеріңізге, одан соң құзырлы органдарға ескерту керек.




