Әке, ана, бала: Конституциядағы отбасы мәртебесі күшейтіледі

2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, елімізде «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді көмек көрсететін 150-ден астам Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсететін 74-тен астам дағдарыс орталығы қызмет атқарады.
Жаңа Негізгі заң жобасы аясында көтерілген маңызды бағыттардың бірі – гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты демократиялық тұрғыда дамыту мәселесі.
Бүгін осы тұрғыда Астанада гендерлік мәселелер мен отбасы құндылығы «Конституциялық реформа: гендерлік саясат пен отбасылық құндылықтарға жаңа көзқарастар» атты халықаралық конференция барысында талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отбасы институтының маңызы
Конституцияның жаңа жобасында отбасы институтына ерекше мән берілген. Аталмыш конференцияда баяндама оқыған Мәжіліс депутаты Екатерина Мәлікова оның маңызы туралы айтты.
Біз Конституция адами капиталға бағытталған деп айтып жатырмыз. Адами капитал ең алдымен отбасында қалыптасады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халқымыз. Демек, тұлға қалыптасуының негізі – отбасы. Сондықтан жаңа Конституцияда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілген, – дейді ол.
Депутат пікірінше, Жаңа Конституцияда отбасы – ер адам мен әйел адамның тең құқықты, ерікті одағы екені айқындалып, әке, ана және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілгенін айтты. Ал баланы тәрбиелеу мен оған қамқорлық жасау – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті деп белгіленді.
Мұндағы «етене құқығы» деген ұғым – жаңадан енгізілген маңызды норма. Бұл ата-ананың баласына қатысты құқығы ажырамайтын, табиғи құқық екенін білдіреді, – дейді депутат.

Әйелдер мен балалар құқығын қорғаудағы нақты қадамдар
Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдікті нығайту және әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою бағытында бірқатар жүйелі әрі практикалық шаралар жүзеге асырылды.
Заңдар әйелдердің құқықтарын қорғауды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтті. Оның ішінде ұрып-соғуды қылмыстандыру, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілері үшін жауапкершілікті қайта қарау, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту шаралары қарастырылды.
2025 жылғы 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа түзетулер күшіне енді. Олар адамды некеге тұруға мәжбүрлеу, еркінен тыс қалыңдық алып қашу, сондай-ақ некеге немесе бірге тұруға күштеп итермелеу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.
Бұл түрғыда мәжіліс депутаты еліміздің демографиялық дамуы – оның артықшылығы екенін айтты.
Бүгінде әлемнің көптеген елдері демографиялық дағдарысқа тап болып отыр. Мысалы: Оңтүстік Кореяда туу коэффициенті – 0,7, Еуропада орта есеппен – 1,5, Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 3,1. Бұл – біздің артықшылығымыз. Бірақ оны сақтау үшін отбасылық құндылықтарды нығайтатын құқықтық негіз қажет. Конституцияға енгізілген нормалар дәл осы стратегиялық мақсатқа бағытталған, – деді депутат Екатерина Мәлікова.
Ал депутат Нұргүл Тау жаңа жобадағы әке, ана және баланы отбасы деген құндылық ретінде көрсетуді нақты бастама деп санайтынын айтты.
Соңғы кездегі көптеген жағдайларға байланысты жаңа Конституцияда әйел мен баланың құқығы ерекше қаралып отыр. Жалпы отбасыны толыққанды отбасы ретінде қарау мақсаты тұр. Және ондағы ер мен әйелдің нақты міндеті жазылды, – дейді ол.
Сондай-ақ ол қазіргі жастардың еліктеушілігін айтып, ерекше әсер етіп отқан жағымсыз мәдениетінен алыстауға шақыратынын айтты.
Отбасындағы әкенің жауапкершілігі
Сонымен қатар конференция барысында әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету және отбасылық байланыстарды нығайту мақсатында құқықтық әрі арнайы экономикалық тетіктер енгізілгені айтылды. Мұнда тек міндеттер ғана емес, әкелердің құқықтары да нақты айқындалған.
Бұл түрғыда депутат Нұргүл тау қазіргі кей әкелердің алимент төлеуден жалтарып, міндетін дұрыс атқармай жүргенін тілге тиек етті.
Алимент төлемеу – бала құқығын таптау деп білемін. Бала басында еш мәселелер болмауы тиіс, – дейді депутат.
Әрине, бұл бағыттағы жұмысты тек мемлекет күшімен жүзеге асыру жеткіліксіз. Азаматтық қоғам институттарының, отбасы құндылықтарын дәріптейтін құрылымдардың белсенді қатысуы қажет. Өйткені мәселе тек құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруде ғана емес, сонымен қатар салауатты әрі қауіпсіз отбасы институтының дамуына кедергі келтіретін ескірген стереотиптерді жүйелі түрде жоюда.




