Абай облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Алакөл көлінде күшті дауыл кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін заманауи «Марлин» маркалы катер мен екі гидроцикл сатып алынды. Сонымен қатар, халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары, дауыс зорайтқыштар және құтқару кеудешелері де алынды.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орынбаевтың айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен 21 моторлы жүзу құралы, 18 сүңгуір жабдықтар жиынтығы, заманауи эхолоттар, суасты теле- және бейнежүйелер, сондай-ақ басқа да арнайы құрал-жабдықтар сатып алынған.

Суға шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл департаменттің күшімен 15 су және 33 жаяу патрульдік кезекшілік ұйымдастырылады. Барлығы 100-ден астам құтқарушы мен 26 жүзу және көлік құралы жұмылдырылмақ. Құтқарушылар құтқару кеудешелерімен, сақиналармен, ысқырықтармен және дауыс зорайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.