Із-түссіз жоғалып кеткен әйел Нұр-Сұлтаннан табылды
Осы жылдың 20 қаңтарында үйінен белгісіз бағытқа қарай шығып кетіп, із-түссіз жоғалған әйел Түркістан облысы полицейлерінің жүйелі және жоспарлы түрде жасаған жұмысының арқасында табылды.
2022 жылдың 7 ақпанында өз әйелінің жоғалғаны бойынша полиция бөліміне күйеуі, яғни жергілікті тұрғын келіп арызданған.
Арыз түсе салысымен киелі өңірдің сақшылары толық құрамда жұмылдырылып, іздеу жұмыстарын жүргізді. Полицейлер әйелдің баруы мүмкін деген орындарды тексеріп, таныстары арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Жан-жаққа, яғни еліміздің облыстары мен қалаларына бағыттамалар жіберді. Із-түссіз жоғалу жайты болғандықтан, тез арада аман есен табуға еріктілер де тартылды.
Тіпті тәртіп сақшылары жоғалған әйелдің айрықша белгілерін жазып, суретімен бірге бұқаралық ақпарат құралдарына жолдады. Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі «фэйсбук» пен «инстаграм» парақшаларына да жарияланды.
Жоғалған әйелді іздестіріп жатқан полицейлердің жұмысы БАҚ-та бірден тарады.
Нәтижесінде із-түссіз кеткен әйел табылды. Ол Нұр-Сұлтан қаласында, дін аман. Полицейлер әйелмен байланысқа шығып, күйеуінің жоғалу жайты бойынша арызданғанын жеткізді. Оған заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Табылған әйел ешкімге қояр арыз-шағымы жоқ екенін, Нұр-Сұлтанда аман есен өз еркімен тұрып жатқанын жеткізді.
Белгілі болғандай әйел күйеуімен арасында болған отбасылық келіспеушіліктің салдарынан жақындарына айтпай кетіп қалған.