Кентаудағы көпқабатты үйлердің жылу жүйелері жаңғыртылады
Түркістан облысы, Кентау қаласында орталық жылу жүйесіне қосылған нысандар көбейгендіктен көпқабатты тұрғын үйлердің жылу сапасы нашарлаған. Әсіресе жылу орталығына коммерциялық нысандар артық қосылып алған. Енді сол нысандардың ең ірі дегендері жылудан ажыратылмақ.
“Коммерциялық нысандардың иелеріне алдымен ескерту жіберіледі. Содан кейін бір апта көлемінде жұмыстарды атқаратын боламыз” – дейді Кентаудағы жылу орталығының басшысы Асхат Абдрасилов.
Жалпы, жылу орталығында қысқы маусымға толықтай қажетті сұйық және қатты отын жеткілікті. Дегенмен шаһардағы Рысқұлов, Уәлиханов, Әл-Фараби көшелеріндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарынан шағым түсіп жатады. Себебі бұл үйлердің жылу жүйелері қосымша насосты қажет етеді. Енді сол құрылғыны орнату жұмысы басталады. Қалған коммерциялық нысандарды жылу жүйесінен ажырату келесі жылу маусымына дейін жүзеге асырылмақ. Себебі орталықтың күші барлығын қамтуға жеткіліксіз. Ең басты мақсат – көпқабатты үйлерді толықтай жылумен қамту.
Айта кетейік, жалпы қалада 348 көпқабаты үй, 2500-ден аса жеке сектордағы үй, 441 коммерциялық нысан, 112 бюджеттік мекеме жылу орталығына қосылған. Жалпы абонент саны 11738-ді құрап отыр.