Өзгенің атынан онлайн несие алған жас әйел құрықталды

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу шағын несие беру ұйымы және банктердің бірінен онлайн несие алып, 800 000 теңгеден астам шығын келтірген. 1 айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Кентау ҚПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны Кентау қаласы көшелерінің бірінде жүрген жерінен ұстады. Алаяқтық жасаған жас әйел жергілікті тұрғын және жәбірленушінің сырттай танысы болып шықты.
Анықталғандай, күдікті келіншек жәбірленушіге «Сіздің атыңыздан тауарлық несие шығарып бере аламын және оны зейнетақы қорындағы ақшаңызбен төленетін етіп жасаймын» деп сендірген. Өз кезегінде тұрғын, алаяққа сенім білдіреді. Осы бағытта алаяқ жәбірленушінің атынан банкке сұраныс жіберіп, мақұлдау алған. Содан ұялы телефоныңызға құпия сан барады соны айтсаңыз деп, алдау арқылы шағымданушының есепшотына түскен ақшаны өзіне аударған. Қомақты қаражатты өз пайдасына жұмсап жібереді.
Осы істі соңына жеткізіп, алаяқтық қылмысының ақ-қарасын ажыратып, нақты дәлелдерді табуда Кентау ҚПБ-ның тергеу бөлімшесінің қызметкерлері қарқынды қызмет атқаруда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.

ПІКІР ЖАЗУ