Алматыда білім беру инфрақұрылымын дамыту қарқынды жалғасып отыр

Алматыда білім беру инфрақұрылымын дамыту қарқынды жалғасып отыр. Наурызбай ауданында 1290 оқушыға арналған №41 мектеп пайдалануға берілді. Енді жақында «Шұғыла» шағынауданында №223 мектеп пен №15 мектеп-интернат ашу жоспарланған.
2025 жылы қала бойынша шамамен 40 мың оқушыға арналған 38 білім беру нысаны іске қосылды. Олардың қатарында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 20 мектеп, қолданыстағы білім ордаларына қосымша ғимараттар, 7 балабақша, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері бар.
Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту халық санының өсуіне сай жүргізілуде. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі қажеттілікті қамтитын арнайы карталар әзірленіп, онда мектептер, балабақшалар мен жатақханалар салу көзделген.
Қазіргі таңда Наурызбай ауданында 30,5 мың орындық 15 мектеп жұмыс істейді. Дегенмен, шамамен 3 мың оқушы орнына деген тапшылық әлі де бар.
Бұл мәселені шешу үшін алдағы уақытта 5 жаңа мектеп салу көзделген. Сонымен қатар 880 орынға арналған 3 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Болашақта тағы 7 мектепке дейінгі мекеме салу жоспарланып отыр.




