Иранға жаңа ұсыныс: Трамп бір айлық бітім жариялауды көздеп отыр

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалатын шабуылдарды тоқтату жөнінде 15 тармақтан тұратын жоспар ұсынып, сондай-ақ осы келісім бойынша келіссөздер жүргізу үшін бір ай мерзімге уақытша бітім жариялау бастамасын көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Мұндай мәлімдемені Израильдің аты аталмаған дереккөздеріне сүйенген 12-арна таратқан.
Дереккөздердің айтуынша, АҚШ Иранмен арадағы шиеленісті азайтуға бағытталған ұсыныс дайындаған.
Мәліметтерге қарағанда, бұл жоспар Тегеранға Пәкістан арқылы жеткізілген.
Материалда Иранға жасалатын шабуылдарды тоқтатуға арналған делінген жоспардың ықтимал шарттары да келтірілген.
Айтылғандай, жоспарға Иранның ядролық әлеуетін жою, Тегеранның ядролық қару жасауға ұмтылмау жөнінде міндеттеме алуы, сондай-ақ Исфахан, Натанз және Фордо қалаларындағы ядролық нысандарды пайдаланудан шығару секілді тармақтар енгізілген.
Бұдан бөлек, Иранға ел ішінде уран байытуды тоқтатып, 60 пайызға дейін байытылған уранды Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) тапсыру ұсынылғаны айтылады.
Мәліметтерге сәйкес, шарттар қатарында Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру, Иранның зымыран бағдарламасына ұшу қашықтығы мен саны бойынша шектеу енгізу, сондай-ақ Тегеранның өңірдегі «прокси күштерді» қолдауын тоқтатуы да бар.
Осының орнына Иранға қарсы енгізілген санкцияларды алып тастау қарастырылуы мүмкін екені айтылған.




