Шетелдік байқаушы референдумда ерекше әсер еткен жайтты атады

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) халықаралық бақылаушылар миссиясының мүшесі, елші Исмат Джахан Қазақстандағы республикалық референдум барысында сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дипломаттың айтуынша, халықаралық бақылаушылар бірнеше учаскені аралап, дауыс беру процесінің ұйымдастырылуымен танысқан.
Учаскелер өте жақсы ұйымдастырылған. Адамдар келіп, дауыс беріп, тыныш әрі қалыпты жағдайда кетіп жатты. Әсіресе, кішкентай балалардың өздерінің қарт туыстарын ертіп келгені ерекше әсер қалдырды. Бұл адамдардың ынтасын және жас буынға саяси құқықтарын жүзеге асырудың маңызын көрсетуге деген ниетін байқатады, – деді Исмат Джахан.
Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде барлық санаттағы азаматтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жағдайлар қарастырылған.
Барлығы қолжетімді болды. Мүгедектігі бар адамдарға, соның ішінде мүгедектер арбасымен қозғалатын азаматтарға арнайы жағдай жасалған. Біз барған үш учаскенің барлығында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жеке дауыс беру кабиналары болды. Бұл өте маңызды, – деп атап өтті елші.
Исмат Джахан азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуы да ерекше әсер қалдырғанын айтты.
Маңыздысы – тек техникалық ұйымдастыру ғана емес, адамдардың дауыс беруге деген ынтасы. Бүгін жексенбі, демалыс күні болғанына қарамастан, азаматтар өз құқықтарын пайдалануға дайын екенін көрсетті, – деді ол.




