Күн сайын Астанаға қанша адам көшіп келетіні белгілі болды

2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана халқының саны рекордтық деңгейде өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда Астанаға 90 мыңға жуық адам қоныс аударған. Сонда қала халқы күн сайын орташа есеппен 240 адамға толығып отырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы Астанадағы көші-қон сальдосы 87 459 адамды құрады. Бұл дегеніміз – көші-қон есебінен елорда халқы күн сайын шамамен 240 адамға көбейген.

Алматы қаласына 33 126 адам, Шымкентке 15 130 адам және Алматы облысына 12 110 адам көшіп келген.

Сонымен қатар, халықтың ең көп жылыстауы оңтүстік өңірлерде байқалды:

Түркістан облысында 42 649 адам және Жамбыл облысында 21 179 адам, сондай-ақ Жетісу облысында 13 018 адам. Қызылорда облысының халқы шамамен 12 мыңға, ал Абай облысындағы адам саны 10 мыңға жуық азайды.

2025 жылы Қазақстанға келгендер саны 23 761 адамды құраса, елден 7 608 адам кеткен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүріп жатыр. Ол жақтан келгендердің үлесі 81,8 пайызды, ал сол елдерге кеткендердің үлесі 71,8 пайызды құрады.