Президент Түркістан облысының әкіміне халықтың тұрмысын жақсартуды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.
Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық өсімі 113,9 пайызды құрағанын айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге өсті. 2025 жылы аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция, соның ішінде 1,4 триллион теңге жеке инвестиция тартылды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жетті.
Сондай-ақ, былтыр жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын мәлімдеді.
Бүгінде облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 26 жоба жүзеге асырылуда, олардың құны – 315 миллиард теңге. Ауыл шаруашылығында мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Бұл жобалар толығымен іске қосылғанда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр, – деді әкім.
Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарғаны жөнінде мәлімдеді.
Сонымен қатар, еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндірісті өркендету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.




