Сенат төрағасы: Референдум – Қазақстан дамуының тарихи кезеңі

Бүгін Талдықорғанда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесті. Сапар аясында өткен іс-шараларға «Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбы арқау болды. Жергілікті шаруалар, өндіріс қызметкерлері, белсенді жастар, мәслихат депутаттары және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен болған кездесулерде жаңа Конституция жобасының маңызды нормалары кеңінен талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенат төрағасы мәслихат депутаттарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі өкілдерімен жүздесуде 15 наурыз күні референдумда қазақстандықтар ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайтынын атап өтті. Ол конституциялық реформа елдің орнықты дамуы, демократиялық қағидаттарды нығайту және саяси жүйені кешенді жаңғырту жолындағы стратегиялық әрі тарихи қадам екеніне баса мән берді. Сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістер Мемлекет басшысы бастамашы болған жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екені айтылды. Палата спикері бұл іргелі реформалар заманауи әрі тиімді мемлекеттік басқару үлгісін қалыптастыруға және билік институттарын жүйелі түрде трансформациялауға арналғанына да тоқталып өтті.
Жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді ауқымды әрі жүйелі жаңғырту бағдарын іске асыру жолындағы тарихи кезең. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерді азаматтардың таңдауына сүйене отырып қабылдау демократия қағидаттарына адалдықтың айқын көрінісі екені анық. Конституциялық реформаның басым міндеті – Тәуелсіздікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Осыған байланысты жаңа Конституция жобасында заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ, елдің орнықты дамуына басымдық берілген, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы жаһандық сын-қатерлер мен халықаралық тұрақсыздық белең алған қазіргі кезеңде мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртудың маңызы арта түскеніне назар аударды. Мұндай қадам Қазақстанның әлемдік үрдістерге бейімделуіне және құқықтық жүйесін жүйелі түрде нығайтуына мүмкіндік береді.
Конституция жобасында елдің одан әрі дамуының негізгі бағдарлары да нақты айқындалған. Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, мемлекеттілікті, Тәуелсіздік пен егемендікті нығайту, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау басты басымдық ретінде белгіленіп отыр.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі оның адамға бағдарлануы екенін айрықша атап өткен жөн. Азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне назар аудару мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр. Ата Заң жобасында адам құқықтары декларативті ереже емес, маңызды қағидаттар және нақты міндеттер ретінде қарастырылған. Бұл – сапалы білімге қолжетімділік, тиімді денсаулық сақтау жүйесі, әлеуметтік қорғау және әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік беру секілді бағыттарды қамтиды. Осы қағидаттарды жүзеге асыру барлық институттардың – Құрылтайдың, Үкіметтің, әкімдіктер мен мәслихаттардың, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен күш-жігерін талап етеді. Мұндай қадамдар – ел игілігі жолындағы ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісі екені анық, – деді Палата төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Жетісу жастарымен кездесуде жас буынның реформаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталып, олардың белсенділігі мен конституциялық үдерістерге қатысуының маңызына назар аударды. Қолға алынған реформалардың нәтижелі іске асырылуы жас мамандардың кәсіби біліктілігімен тығыз байланысты. Осы орайда аналитиктердің жаңа буынын даярлау мақсатымен қолға алынған Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебі жастар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие екенін де айта кеткен абзал.
Өңірге сапар аясында Сенат төрағасы өндіріс орындарының жұмысшыларымен және аграрлық сала өкілдерімен де кездесті. «Хильниченко и К» шаруа қожалығында инклюзия, этносаралық келісім және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері сөз болды. Мәулен Әшімбаев өңірлердегі жасампаз бастамалар Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асыруға, әлеуметтік әділдік пен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Елдің әл-ауқаты осы саладағы табыспен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы ілгерілеу ауылдардың, өңірлердің, жалпы, тұтас елдің дамуына серпін береді. Бүгінде осы және басқа да салаларда жүйелі жаңғыртулар жүргізілуде. Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және бүгінгі әрі келер ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Жетісу облысы – еліміздің маңызды ауылшаруашылық, индустриялық, ғылыми және экономикалық орталықтарының бірі. Бүгінде өңірдегі кәсіпорындар осы игі дәстүрді жалғастырып, өсім мен инновацияның нақты драйверіне айналып отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Парламент депутаттары «Асар» спорттық-оңалту кешенінің инфрақұрылымымен және «ASMA Industrial ltd» өнеркәсіптік аккумуляторлар зауытының қызметімен танысты.




