Сарыағаш қаласында жаңа көпір пайдалануға берілді
Бүгін Сарыағаш қаласы, Созақ көшесіндегі, Кескент каналының үстінен өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан басшысы Арман Абдуллаев, қала әкімі М.Досполов, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Көпірдің салтанатты ашылу рәсімінде аудан басшысы Арман Абдуллаев, құттықтау сөз сөйлеп, арнайы лентасын қиып ашып берді.
– «Бұл көпір халықтың көптен бергі сұранысы бойынша салынып, тұрғындардың өту қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көпір құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізгені үшін мердігер мекеме басшысына алғысымды білдіремін. Ұлт даналығында «құдық қазған, көпір салған және ағаш еккен» деген үш сауап бар. Бүгінде біз сол сауаптың ең күрделісі және маңыздысын орындадық. Мұны адам тағдырына жауаптылық, қолайлы мүмкіндік жолы деп есептеймін» – деді аудан басшысы.
Бірнеше жылдан бері көтеріліп келген мәселеге нүкте қойылып, қолайлы жағдай жасалғанына қала тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ батасын берді. Айта кету керек, қазіргі таңда аудан басшысының қолдауымен аудан көлемінде жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.