Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланысы тексеріліп жатыр – Бас прокуратура

Бас прокурор Берік Асылов бұрынғы қазақстандық шенеуніктердің атына қатысты айтылған мәлімдемеге байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов Кәрім Мәсімов пен Қайрат Келімбетовтің адам саудасы үшін айыпталған Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланысын анықтауды талап еткен болатын. Жазбаларда олардың Эпштейнмен жеке таныс болғаны айтылған.
Берік Асыловтың сөзінше, бұл мәселе бойынша алдын ала тексеру басталған.
Әрине, бұл – маңызды сұрақ. Мұны бүкіл әлем талқылап отыр. Сондықтан Бас прокуратура да, басқа да уәкілетті органдар бұл фактілерді тексеруде. Қатыстылығы болды ма, болмады ма – бәрі анықталады, – деді ол.
Бас прокурор Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені де тексеріліп жатқанын атап өтті.
Алдын ала тексеру басталды. Эпштейн Қазақстанға келді ме – осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Келімбетовтің шетелге шығуы бойынша да қосымша тексеріс жүргізіледі, – деді Асылов.
Журналистер тексеру тек Қайрат Келімбетовке қатысты ма, әлде Кәрім Мәсімовке де жүргізіле ме деген сұрақ қойды.
Басталды. Алдын ала тексеру басталды, – деп нақтылады Бас прокурор.
Еске салайық, бұған дейін депутаттар Эпштейн ісіне қатысы бар Мәсімов пен Келімбетовті тексеруді талап еткен болатын.




