Сыйақы алу үшін шотын өзгелерге берген әйел жауапқа тартылды

Ұлытау облысында сыйақы алу үшін шотын өзгелерге пайдалануға берген әйел жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлытау аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша айыпталған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 18 қыркүйекте әйел әлеуметтік желідегі жарнама арқылы белгісіз тұлғамен байланыс орнатып, сыйақы алу мақсатында өз атына тіркелген банк есепшоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген.
Соның нәтижесінде оның атына ашылған банк қосымшалары арқылы жәбірленушілерден жалпы 11 206 431 теңге көлемінде қаражат аударылған.
Әйел есепшоттарын үшінші тұлғаға заңсыз пайдалануға берген. Қылмыстық теріс қылық іс-әрекеті салдарынан есепшоттарын жалға бергені үшін сыйақы ретінде жалпы 61431,79 теңге пайда тапқан. Сотпен азаматша И. Қылмыстық Кодексінің 232-1 бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мүлкін тәркілеусіз, 20 АЕК мөлшерінде, яғни 78 640 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, – деп хабарлады Ұлытау облысы сотының баспасөз қызметі.




