7 млрд теңге және тасқын қаупі: Атырау облысында аяқталмаған дамбы тұрғындарды алаңдатып отыр

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Алға ауылының тұрғындары Жайық өзенінің жағалауында салынып жатқан қорғаныс дамбысының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне алаңдаулы. Құны шамамен 7 млрд теңгені құрайтын жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді, алайда әлі күнге дейін аяқталмаған. Ал тасқын қаупі сақталып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2021 жылдан бері салынып келеді
Дамбы салу жобасы 2021 жылы басталған. Жағаны бекіту жұмыстарына шамамен 7 млрд теңге қарастырылған. Алайда арада бірнеше жыл өтсе де, құрылыс толық аяқталмаған.
Жыл сайын су келеді. Бір-екі техника жұмыс істейді, бірақ нақты нәтиже көріп отырған жоқпыз. Көктем сайын су баса ма деп қорқамыз, – дейді тұрғындар.
Олардың айтуынша, кейбір учаскелерде жұмыс басталғанымен, кейін тоқтап қалған. Соның салдарынан қорғаныс желісі тұтас емес, үзік-үзік күйінде қалып отыр.
“Суды тоқтату мүмкін болмай жатыр”
Ауыл тұрғындарының сөзінше, бетон конструкциялардың бір бөлігі орнатылған. Бірақ тасқын күшейген кезде ағыс топырақты шайып кетіп, бекітілген жерлерді қайта жөндеуге тура келеді.
Бір шетінен бастады, бірақ ортасы бітпей қалды. Жыл сайын су көтеріліп, бәрін қайта жасауға мәжбүр боламыз, – дейді олар.
Көктемгі тасқын кезінде өзен деңгейі едәуір көтеріліп, жағалаудағы аумақтарға қауіп төндіреді.
Қарқын баяу, мердігерге сұрақ көп
Куәгерлердің айтуынша, нысанда техника өте аз жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба қашан аяқталады деген күмән туғызады.
7 млрд теңге бөлінді делінеді. Ондай ірі нысанда неге бар болғаны бірнеше техника ғана жүр? – деп сұрақ қояды тұрғындар.
Олар облыс әкімдігінен жобаның қазіргі жағдайы, игерілген қаржы көлемі және нақты аяқталу мерзімі жөнінде түсініктеме беруді сұрайды. Сондай-ақ құрылыс барысына техникалық бақылауды күшейту қажет деп есептейді.
Атырау облысы үшін тасқын мәселесі жыл сайын өзекті болып отыр. Климаттық факторлар мен қардың маусымдық еруін ескерсек, жағалауды бекіту жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтау аса маңызды.
Редакция осы жобаға қатысты түсініктеме алу үшін тиісті мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдады.




