Депутат: Ауруханаларда туыстарды хабардар етудің жүйесі жоқ

Сенатор Жанна Асанова депутаттық сауалында стационарлық ем көрсету кезінде, әсіресе төтенше жағдайлар орын алғанда, пациенттердің туыстарына дер кезінде ақпарат жеткізетін тұрақты әрі жүйелі механизмнің жоқтығын мәселе ретінде көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауруханаға шұғыл түрде жатқызу, пациентті реанимацияға ауыстыру, операция жасау кезінде, сондай-ақ балаларды қабылдау барысында пациенттің жағдайы туралы туыстарына ең аз қажетті ақпаратты алудың мүмкіндігі жоқ, – деді сенатор.
Асанова оның себебін де түсіндірді.
Өйткені, дәрігерлер бөлімшеде жұмыста және одан кетуге болмайды. Еріп жүрушілер де оған кіре алмайды, ал қабылдау бөлімі мен тіркеу бөлімінің қызметкерлерінде тиісті клиникалық ақпарат жоқ. Нәтижесінде ақпарат вакуумы пайда болады, қабылдау бөлімшелерінде және жалпы клиникада қарбалас жағдайдағы алқын-жұлқын көңіл күй пайда болады, – деді ол.
Осыған орай туыстарды хабардар етудің бірыңғай ұйымдық-цифрлық жүйесін енгізу ұсынылды. Мұндай тетік өтініш білдірушінің өкілеттігін нақты растауға негізделіп, дәрігерлік құпия мен дербес деректерді қорғау талаптарын қатаң сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
Жүйе арқылы ауруханаға жатқызылғаны туралы дерек, ем қабылдап жатқан бөлімшенің атауы, пациенттің қазіргі жағдайы және келу тәртібі жөніндегі шектеулі ақпарат берілуі көзделеді.
Сонымен қатар “бір терезе” қағидаты негізінде байланыс орталығын ашу, оны медициналық ақпараттық жүйелермен ықпалдастыру, коммуникацияның ортақ стандарттарын бекіту және стационарларда ақпараттық сүйемелдеуге жауапты қызметкерлерді айқындау қажеттігі айтылды.
Бастаманы алдымен пилоттық жоба ретінде іске қосып, кейіннен оны бірнеше өңірге кезең-кезеңімен тарату ұсынылды.




